Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Амангелді Халмұрадов хабарлады.
Азаматтардың аймаққа кіріп-шығуына және облыс тұрғындарының қалалар мен аудандар арасына қатынауына тыйым салынады. Тек азық-түлік, дәрі-дәрмектерді тасымалдайтын жүк және жеңіл машиналар, сонымен қоса төтенше жағдай режимін қамтамасыз ететін арнайы және қызметтік көліктер қозғалысына ғана рұқсат.
Ақтау мен Жаңаөзен қалаларында жолаушылар автобусы таңертең сағат 6.00-ден 9.00-ге дейін және кешке сағат 18.00-ден 21.00 аралығында жүреді. Ал, жұмысы тоқтамаған кәсіпорындар мен мекеме жұмысшыларын жұмыс беруші арнайы көлікпен қамтамасыз етуі тиіс. Аталған көліктер жиі дезинфекцияланып тұруы шарт.
Карантин кезінде аса қажетті қызметтердің жұмысшылары, облыс тұрғындарының өмір белсенділігін қамтамасыз етуші (медициналық, полиция, авариялық-құтқару және өзге де коммуналдық шұғыл қызметтердің: жылу, газбен қамту, су және энергиямен жабдықтаушы, штаб өкілдері, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, дәріханалар мен тіс емханалары, азық-түлік сататын дүкенннің жұмыскерлері, БАҚ өкілдері, т.б.) арнайы анықтама бойынша жеке көліктерімен қозғала алады. Жұмыс берушілер арнайы анықтаманы Маңғыстау облысы әкімдігі жанынан құрылған штабтан алып, жұмысшының аты-жөнін, атқаратын қызметін, мекен жайын, ЖСН және жеке куәлігінің нөмірін жазып береді. Басшының қолы мен мекеме мөрі болуы тиіс, - деді А.Халмұрадов.
Ақтау қаласында жұмыс істейтін Мұнайлы ауданының барлық ауылдары, Түпқараған ауданының Ақшұқыр, Сайын Шапағатов елді-мекендерінің тұрғындары үшін таңғы сағат 6.00-ден 9.00-ге дейін және кешке сағат 18.00-ден 21.00 аралығында қоғамдық көліктер жүреді. Осы ауыл тұрғындары жоғарыда көрсетілген жұмыс берушінің рұқсаты бар анықтама арқылы жеке көліктерімен Ақтауға жұмысқа қатынай алады. Анықтамада көлігінің мемлекеттік нөмірі болуы тиіс.
Азаматтардың қоғамдық орындарда, саябақтарда, жағалауда және т.б. жүруіне шектеу қойылады. Үш адамнан артық жиналып жүруі болмауы қадағалансын, тек отбасы мүшелері болғанда ғана, сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың ересектермен бірге жүруіне ғана рұқсат етіледі (өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжаттары: жеке куәлігі, жүргізуші куәлігі, төлқұжаты, уақытша тұруға рұқсат беретін ықтиярхаты болуы тиіс).
Облыс аумағында 17 блок-пост құрылады. Блок-посттарда көліктерді тексеруге арнайы полиция департаменті, ұлттық ұлан қызметкерлері, әскерилер мен санитарлық дәрігерлер жұмылдырылмақ.
А.Халмұрадовтың айтуынша, карантин ережелерін бұзған азаматтарға алғашқыда ескерту беріліп, екінші рет қайталанса айыппұл салынып, жазаға тартылады.Нақты белгіленген себеп болмаса көлік блок-бекеттен шығарылмайды. Егер өздігінен жүре алатын емделуге келе жатқан науқас болса, аурухананың берген нұсқаулығын көрсетіп қана өте алады. Ал, өзі жүре алмаса, қасына көмектесетін бір адамды алып жүруіне болады, - деді Амангелді Халмұрадов.