Карантин кезеңін қаржылық жағынан тиімді пайдалануға арналған 7 лайфхак

7 Тамыз 2020, 14:47
2217
Бөлісу:
Карантин кезеңін қаржылық жағынан тиімді пайдалануға арналған 7 лайфхак

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Fingramota.kz өз оқырмандарына қаржылық жоспарлау процесіне оң әсер ететін 7 ерекше ұсыныс дайындады. 


1. Түрлі онлайн-сервистердің артықшылығын біле жүріңіз


Бүгінгі таңда әлеуметтік қашықтық пен қозғалысты мәжбүрлі түрде шектеу үйреншікті жағдайға айналған кезде түрлі онлайн-қызметтер ерекше пайда әкелуі мүмкін. Ал қазір олардың түрлері өте көп. Қашықтан қызмет көрсетуді барлық екінші деңгейдегі банктер, мемлекеттік мекемелер, көптеген коммерциялық құрылым және т.б. қолданады. Егер Сіз арнайы қосымшаларды жүктемеген болсаңыз және онда тіркелмесеңіз – уақыт созбай оны қолға алыңыз. Шоттарды төлеу, ақша аудару, интернетте сатып алу – бұл қарапайым операциялардың барлығы адамға лық толы банк кеңселеріне өзіңіздің баруыңызды қажет етпейді. Мобильдік банкинг – бұл оңай, жеңіл және ыңғайлы қызмет.

Түрлі анықтамалар алу, өтініштер беру, мемлекеттік органдарға өтініштер мен шағымдар беру үшін де жүгірудің қажеті жоқ. "Азаматтарға арналған үкімет" КЕАҚ-да бір рет электрондық-цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) ресімдей отырып, кезек күту машақатын ұмытып, қызметті онлайн режимінде еш қиындықсыз алуға болады.

 

2.    "Қаржылық қауіпсіздік жастықшасын" толықтырыңыз


Біреулер ақшаны кейін бір қажеті болады деп жинайды. Жұмсауға болмайтын, тек жинақталатын қор, қауіпсіздік жастықшасы - атауы әр түрлі болғанмен, мәні бір.

Сарапшылардың осы "кездейсоқ жағдайларға арналған қор" кемінде 6 айлық шығыстардан тұруға тиіс деген пікірі үйлеседі. Бұл не үшін қажет? "Қаржылық қауіпсіздік жастықшасы" бар деген ой ертеңгі күнге сенімділік береді. Егер Сіз жұмыстан айырылсаңыз немесе уақытша жұмысқа қабілетсіз болсаңыз, "қаржылық қауіпсіздік жастықшасы" ертеңгі күнге сенімділікті арттырып, көңіліңізді жай етеді. Мысалы, алысқа бармай-ақ, көптеген адам пандемия кезеңінде ақша жағынан қиындыққа тап болды, себебі олар табысынан айырылды, олардың қызметіне уақытша тыйым салынды немесе ауырып қалуына байланысты.

Тағы да бір жақсы жағы бар – әдетте ақшаны ақша тартады деп айтады. Көптеген қаржы сарапшылары үнемділіктің және ақшаға мұқият болудың адамда болуы тиіс қасиеттер екеніне сенімді және олар одан әрі жақсы қызмет көрсетеді деп тұжырымдайды. Яғни, ақша жинақтауға әдеттенген адам өзінің басқа істерінде де ақша жинақтау және мұқияттылық қағидаттарын ұстанады.

 

3. Дағдарысқа бейімделіңіз – бұл мүмкіндіктер уақыты

 

Астарлап сөйлеудің тағы да бір аксиомасы: "Дағдарыс – мүмкіндіктер уақыты". Бұл іс жүзінде осылай. Дағдарыс кезеңінде тиімді мәмілелер және зат атып алу үшін көптеген мүмкіндік ашылады. Мысалы, пандемияға дейін қол жеткізу мүмкін болмайтын жылжымайтын мүлік немесе перспективалы компанияның акциялары пандемия кезеңінде арзанға сатылуы мүмкін. Биржа ойыншыларында мынадай бір қағида бар: "Арзанға сатып аламыз – қымбатқа сатамыз". Осы қағидат та осы жерде жұмыс істеп кетуі мүмкін.

Бұдан басқа, айналадағы талаптарға бейімделе білу үлкен рөл атқарады. Адам өзінің табиғаты бойынша өте икемді болып келеді. Егер сіздің қызмет салаңыз кіріс әкелуді тоқтатқан болса – оны өзгертіңіз, жаңаны үйреніңіз, қосымша табыс көздерін іздеңіз, көп оқыңыз және уайымдамаңыз. Атақты бизнес-коуч Брайан Трейси кеңес бергендей табыс әкелетін қызметке назар аударыңыз.


4. Карантин кезінде аса қажет болмаса, кредит ресімдемеңіз


Мұндай қиын кезеңде кредиттерден және борыштардан тартынған жөн. Қаржылық міндеттемелер, біріншіден, сіздің қаржы тұрғысынан өсуіңізді тежейді, екіншіден, борыштың болуы үлкен күйзеліске әкеледі. Кредит – бұл мысалы, өз ісіңізді дамытуға мүмкіндік беретін ыңғайлы қаржы құралы екендігі сөзсіз, алайда оны барлығы сауатты түрде пайдалана алмайды.  

 

5. Қаржыңызға есеп жүргізіңіз


Егер біз бұрын ойланбаған сауда-саттық жүргізген болсақ, қазір барынша парасатты және үнемшіл болу керек – бұл уақыт талабы. Өз шығыныңызға талдау жүргізіңіз, кірістер мен шығыстарды есепке алуды бастаңыз, ақша қозғалысын қадағалаңыз. Бүгінгі күні отбасы бюджетін жүргізуді жеңілдетуге ыңғайлы қосымшалардың көп екендігі оңтайлы болып отыр.

Қаржылық жоспарлау – бұл адамның алған бағытынан айнымай, қойған мақсаттарына қол жеткізудегі мықты құралдардың бірі. Егер де сіз қаржылық жай-күйіңізді жақсартып, аңсаған армандарыңыз бен тілектеріңізді жүзеге асырғыңыз келсе, жаңа, кең пәтер немесе көлік сатып алғыңыз, балаларыңызға жақсы білім бергіңіз келсе, оны болашаққа жоспар құрудан бастаңыз. Неге десеңіз, біздің мақсаттарымыз – ол діттеген жерге жету, ал жоспар сол жерге жету үшін бағдар беріп отыратын карта іспеттес.

Қаржылық жоспарлауды қолға алсаңыз, сіз өзіңіздің қаржылық ахуалыңыздың жағдайына толық баға бере аласыз, яғни шығыстарыңыз бен кірістеріңізді қайсысына аса мән беру қажеттігін түсінесіздер.

Цифрлар болған жерде эмоцияға орын жоқ. Тек қатаң есептің арқасында ғана сіз қай бағытта қимылдау қажеттілігін түсінесіз. Егер де міндетті емес шығыстар көп болса, оларды ысырып тастаңыз, егер күнделікті керек-жараққа жалақыңыз жетпей жатса, қосымша табыс көздерін іздеңіз.

Тағы да бір кеңес – ақшаны барлық шотыңызды төлегеннен кейін емес, бірден кіріс түскеннен кейін қалдырып қойыңыз.


6.    Кибергигиенаны сақтаңыз

Жалпы дүрбелең туындаған кезде ақшаны басқару жөнінде тиісті білімі жоқ адам қаскүнем адамдардың амалдарына бой алдырып, ойланбастан әртүрлі әрекеттер жасауы мүмкін. Қаржылық алаяқтар карантин кезеңінде белсенді бола бастады - бұл әртүрлі "форекс", қаржы пирамидалары, жалған желілік маркетингтер, жалған брокерлер. Әдетте, олардың көпшілігі адам бойындағы ашкөздігін, сенгіштігін және тез байып кетем деген ниетін пайдаланып ешқандай күш жұмсамай, қолданып жүрген қарапайым схемалар бойынша әрекет етеді.

Мұнда да кеңестер өте қарапайым: ешкімге банктік деректерді, парольдерді, пин-кодтарды, SMS-кодтарды, CVV/CVC кодтарын хабарламаңыз, күмәнді сілтемелер бойынша кірмеңіз және телефонмен қоңырау шалатын және конфиденциалды ақпаратты сұрайтын бейтаныс адамдардың артынан еріп жүрмеңіз.

 

7. Өз біліміңізді жетілдіруге үнемі ақша салыңыз

Өзін-өзі оқшаулау уақыты қаржылық сауаттылық деңгейін арттыруға тамаша мүмкіндік беріп отыр. Қазіргі таңда карантин уақытын пайдалы өткізуге тырысу керек, мысалы кітап оқу немесе кино көру. Қызықты фактілердің бірі, егер біз білім беру мекемелерінің қабырғасында кез келген басқа сала туралы білім алсақ, онда қаржы туралы білімді көбінесе өз тәжірибемізден немесе тақырыптық әдебиеттер арқылы алатындығымызда болып отыр. Қарапайым тілмен айтсақ, мектепте бізді есепке үйретеді, ал ақшаны өзіміз санап үйренуіміз керек.

Дұрыс қаржылық көзқарасты қалыптастыру өмірдің кез келген кезеңінде сәттілікке жетелейтін нақты бағдар болып табылады. 

Өзгелердің жаңалығы