Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Карантинде жатқан жұмысшының жалақысы қалай төленеді? Бұл сұраққа Нұр-Сұлтан қаласы қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Смағұлов жауап берді.
ҚР бас мемлекеттік дәрігерінің 2020 жылғы 12 наурыздағы №19 бұйрығына сәйкес мейлі үйде немесе медициналық мекемеде болсын, карантинде жатқан барлық жұмысшыға уақытша жұмысқа жарамсыздық парағы беріледі. Уақытша жарамсыздық бойынша еңбекақы заңнамаға сай беріледі.Сонымен қатар, коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі шаралар шеңберінде жеке ұйымдардың қызметі шектелген. Мұндай жағдайда, еңбек заңнамасында жұмысшылардың еңбек қызметін жүзеге асырудың әртүрлі тетіктері қарастырылған. Соның ішінде толық емес жұмыс уақыты режимін белгілеу, қашықтықтан жұмыс істеу, басқа жұмысқа уақытша ауыстыру және т.б. Мысалы, тараптардың келісім бойынша және өндірістік процесс мүмкіндік берсе, карантин кезеңінде жұмыс беруші қашықтан орындалатын жұмыс белгілеуі мүмкін,- дейді Ерлан Смағұлов.
Оның айтуынша, бұл ретте жұмыс жағдайлары, жұмыс уақытын есепке алу, шығыстар мен еңбекақы тараптардың келісімі бойынша (жұмыс берушінің актісінде және еңбек шартында) белгіленеді.
Ал жалақы жұмыскердің нақты жұмыс істеген уақытына төленеді. Ал мүмкін болмаған жағдайда, жұмыс беруші қызметкер үшін тоқтап тұру жағдайын жариялайды. Еңбек кодексінің 112-бабына сәйкес жұмыс берушіге және қызметкерге байланысты емес себептер бойынша бос тұрып қалу уақытын ресімдеу тәртібі және бос тұрып қалу уақытына ақы төлеу талаптары еңбек, ұжымдық шарттарда айқындалады және жалақының ең төмен мөлшерінен (42 500 теңге) кем болмайтын мөлшерде белгіленеді. Егер еңбек шартында, ұжымдық шартта қарастырылған болса, бос тұрып қалу уақытындағы жалақы ең төменгі жалақыдан жоғары болуы мүмкін, - дейді басқарма төрағасының орынбасары.