Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Карантин режиміне бағынбай, жұмыстастарын қонаққа шақырған 30 жастағы ақтөбеліктің әрекеті әкімшілік сотқа жіберілді, деп хабарлады Aktobenews.kz.
Оқиға 7 сәуір күні тіркелген. Полиция қызметкерлері оған ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы 6-тармағы бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Материал әкімшілік сотқа жіберілді. Облысында төтенше жағдайлар кезінде 267 тәртіп бұзушылық анықталды. Полиция қызметкерлері еріктілермен бірге төтенше жағдай режимін бұзуды анықтау жұмыстарын жалғастыруда.
Төтенше жағдай режимін бұзған 55 адам қамауға алынды, 107 тұрғынға айыппұл салынды. Сонымен қатар, 20 ескерту жасалып, 60 материал сотқа жіберілді. Азаматтардың блокбекеттерін заңсыз айналып өтуі әлі де орын алуда. Мұндай 15 заң бұзушылық анықталды. Оның ішінде 4 адам қамауға алынды, 2 айыппұл салынды және 9 материал сотқа жіберілді,-деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полиция департаменті қала тұрғындарына қабылдап жатқан шараларға түсіністікпен қарауды сұрайды. Осы іс-шаралардың барлығы инфекцияны таратпаудың алдын алу мақсатында екенін ескертеді.