Карантин аумағы. Еріктілер 48 сағаттан қызмет етуде

17 Сәуір 2020, 17:12
2071
Бөлісу:
Карантин аумағы. Еріктілер 48 сағаттан қызмет етуде
VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елімізде COVID-19 індетін жұқтырғандарды емдеп жатқан медицина қызметкерлерімен тең дәрежеде күресіп жүрген тағы бір топ жан бар. Олар ел басына күн туған шақта халыққа қол ұшын беруде суырылып алға шыққан еріктілер тобы.  

ҚР Президенті телерадиокешенінің қызметкерлері коронавирус инфекциясын жұқтырғандармен тікелей байланыста жүрген сол еріктілермен тілдесіп, карантин аймағындағы тіршіліктің қалай болып жатқанын көріп қайтты.


Сондай-ақ, еріктілердің бірі - Сейілхан Мұсаев бүгінде кадр тапшылығы салдарынан 48 сағат бойы жұмыс істеуге тура келіп жатқанын айтты.

Ағама дәрігерлер керек болып жатқаны туралы ақпарат келіп түсті. Мен нөмірін сұрағанымда, ол менің медициналық білімім жоқтығына байланысты қабылдамайтынын айтты. Бірақ, мен сонда да қажетті нөмірге хабарласып, медициналық ұйымдарда еңбек өтілім барын айтып түсіндірдім. Содан бері осында қызмет етіп жатырмын. Қазір біз екі тәулік жұмыс істеп, тәулік дем аламыз. Себебі, науқастарды бақылайтын қол жетіспейді, - дейді ол. 

Сейілханның анасы Жанар Баянова ұлының бұл ойын бірден құптамаған. Себебі, кенже баласын нағыз вирустың ортасына жібергісі келмеген.

Ұлым маған өзінің қалыптасқан тұлға екенін, қиын кезеңде халыққа, дәрігер ағасына қолдау көрсету парызы екенін айтты. Мен де елімнің патриотымын, қарсы тұра алмадым, - дейді ана.

Карантин аумағында әуе рейстерінің 300-дей жолаушысы жатыр. Медицина қызметкерлеріне еріктілер көмектесуде. Барлық персонал қорғаныс киімдерімен жабдықталған. Тәулік бойы үшқабатты маска, медициналық қолғаппен жүреді. 

Елордадағы қалалық №3 көппрофильді аурухана директоры Жұлдыз Данбаева барлық медициналық құрал-жабдық жеткілікті екенін айтты.

Медициналық киімдерді күнделікті ауыстырамыз. Маскалар үшқабатты. Арнайы көзілдіріктер де жеткілікті, - дейді ол.

Бір ерекшелігі, мұндағы әр екінші адам – ерікті. Олар елі үшін, болашағы үшін теңдессіз еңбек етіп жүр.

Өзгелердің жаңалығы