Карантин. 5 500 зейнеткердің зейнетақысы үйлеріне дейін жеткізілді

19 Сәуір 2020, 20:17
1692
Бөлісу:
Карантин. 5 500 зейнеткердің зейнетақысы үйлеріне дейін жеткізілді
Фото: автордан

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Төтенше жағдай режімінде де халыққа қызмт көрсете беретін мекемелердің бірден-бірі – "Қазпошта" акционерлік қоғамы.

Қауіпті індет өршіп тұрған қазіргі таңда да пошта қызметкерлері уақытпен санаспай елге хат-хабар таратып, басқа да қаржылық операцияларды талапқа сай атқаруда. Алайда, екі күннен бері Жамбыл облысына, оның ішінде Тараз қаласына қатаң карантиндік шаралар енгізілген. Ал аталған мекеме жұмысы қалай жүріп жатыр? "Қазпошта" АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры Дидар Әбдухалиұлы осы жайында айтып берді.

пошта (1).jpeg

– Дидар Әбдухалиұлы, карнатин режімі жағдайында зейнеткерлер мен жәрдемақы алушыларға мемлекеттен тиісті қаражаттарын тарату қалай жүргізіліп жатыр?

– Біздің мекемемізде іске асырылатын қаржылық операциялардың барлығы өз уақтымен жоспарға сай атқарылу үстінде. Бүгінге дейін "Қазпоштаның" өңірдегі филиалынан зейнетақысы мен жәрдемақысын алатындардың тарапынан ешқандай түсініспеушілік орын алған емес. Мәселен, біз наурыз, сәуір айларының зейнетақысы мен жәрдемақысын толықтай таратып үлгердік. Соның ішінде 5 500 зейнеткердің тиісті қаражаттары үйілерне дейін жеткізіліп берілді. Бұл пошта алдында орын алатын адамдардың кезегін барынша азайтты.

– Мемлекет тарапынан төтенше жағдай режіміне байланысты тағайындалған 42 500 теңге көлеміндегі жәрдемақыны алу үшін де пошта алдында адам қарасы көбейіп кеткендігінен хабардар едік...

– Дұрыс айтасың, 42 500 теңге көлеміндегі ақшаны алуға 45 мың адамнан өтініш түскен болатын. Қаражат тағайындалған азаматтардың арнайы есеп шоттары ашылды. Бұл есеп шотты ешкім бұғаттап (арестке) қоя алмайды. Әрбірден кейін оны жеке тұлғаның өзінен басқа адам шешіп ала алмайды. Осы жағдайды көпшілікке сауатты түсіндіріп, кезектің қарасын сейілткен болдық.

– Дидар Әбдухалиұлы, өңірдегі карантин режімі талаптарының күшейе түсуіне орай «Қазпошта» қызметкерлері де қашықтан жұмыс істейді екен деген сыбыс тараған еді. Бұл қаншалықты рас?

– Бастапқы кезде сол сияқты жоспардың болғаны рас. Алайда, біздің мекемеміз электронды түрде де өтініштерді қабылдап, өзге де операцияларды жүргізіп жатыр. Ал зейнет жасындағы қариялар, электронды жүйемен жұмыс істей білмейтін, әсіресе ауылдық аймақтардағы азаматтар, жұмыссыздар назардан тыс қалып кететін болғанс оң, жұмысымызды толық штатта жалғастыру үстіндеміз. Карантин режімі жарияланғаннан кейін мемлекеттік жәрдемақыны алуға өтініш берген тұрғындардың қатары күрт артып кеткені тағы бар. Ал ондай санаттағыларға демалыс күндері де қызмет көрсетпсек, үлгермейтін түріміз бар. Сондықтан халыққа сенбі және жексенбі күндері де қызмет көрсететін болдық.

Біз тұтынушыларымызға карантин режімінің талаптарын қатаң сақтап, кезектегі адамдарға арақашықтықты екі метрден артық сақтап тұруға кеңес берудеміз. Олар ең алдымен біздің операторларымыз бен пошташыларымыздың еңбегін бағаласа деген тілегіміз де бар.

– Бүгінде мерзімді басылымдардың Тараз қаласы мен шалғай аудандардағы жазылушыларына жеткізілуі қалай ұйымдастырылып жатыр? Бұл жұмыстар төтенше жағдай талаптарына орай тоқтап қалмады ма?

– Дұрыс сауал. Алайда, ауылдық аймақтардағы, алыс-жақындағы тұрғындар мемлекеттік саясаттан, қазіргі қалыптасқан ахуалдан үнемі хабардар болуы тиіс. Өйткені, олардың барлығы бірдей ғаламтор көздерін пайдалана бермейді. Газет-журналдар, түрлі хаттар мен басқа да заттарды тарату жұмыстары штаттық кестеге сай жүзеге асуда. Әзірге ешқандай өзгеріс орын алған жоқ.

Ал жақын арада облыс басшылығы тарапынан қабылданатын қаулылар мен нұсқауларға сәйкес жаңаша жұмыс кестесін құрамыз. Қалай болғанда да атқарылар жұмыстардың ауқымдылығына қарамастан пошташыларымыз тынымсыз еңбек ете береді. Тек бір ғана мәселе бар: ол – Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент сияқты үлкен қалалардағы баспаханалардан басылып шығатын мерзімді баспасөздердің меншік иелері карантин талап тарына орай, басып шығару мен таратуға уақытша шектеу қойып жатыр. Бірақ, өңір аумағында пошта тасымалы мен таратылу жұмыстары уақтымен жүзеге асуда.

– Әңгімеңізге рахмет!
Өзгелердің жаңалығы