Қарағандыда Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша әлем чемпионаты өтеді

23 Тамыз 2021, 17:27
3193
Бөлісу:
Қарағандыда Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша әлем чемпионаты өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021 жылғы 1-6 қыркүйегі аралығында Қарағанды қаласында Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша ерлер арасындағы XVI әлем чемпионаты және әйелдер арасындағы VII әлем чемпионаты өтеді.

Чемпионатқа Қазақстан Республикасы, Беларусь Республикасы, Словакия Республикасы, Польша Республикасы, Сенегал Республикасы, Чех Республикасы, Ресей Федерациясы, Өзбекстан Республикасы, Монғол Халық Республикасы, Австрия Республикасы 10 ер және 5 әйел командасы қатысады. Сондай-ақ Катар мемлекетінен, Болгария Республикасынан және Сербия Республикасынан келген делегаттар болады.

Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың ерлер мен әйелдер командалары оқу мұнарасының төртінші қабатының терезесіне шабуыл сатысымен көтерілуден, 100 метрлік кедергілер жолағынан өтуден, жауынгерлік қанат жаюдан және 4-тен 100 метрге дейінгі өрт эстафетасынан жарысады.

Әлем чемпионатының ресми ашылу салтанаты 2021 жылғы 2 қыркүйекте сағат 19:00-де Қарағанды қаласының «Шахтер» орталық стадионында (Қазақстан көшесі, 1) өтеді.

Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша әлем чемпионаттарын өткізу әлемнің түрлі елдерінің спорт ұйымдары арасындағы спорт саласындағы достық байланыстар мен ынтымақтастықты нығайтуға, өрт сөндіру-құтқару қызметтерінің қызметкерлері мен олардың кәсіби және жауынгерлік даярлығын, спорттық шеберлігін жетілдіруге, өрт-құтқару спортын одан әрі дамытуға және әлемдік ауқымда насихаттауға бағытталған.

Өзгелердің жаңалығы