Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысының Қарақаралы ауданында шыққан дала өртінен зардап шегіп, денесінің 90%-ын термиялық күйік шалған 48 жастағы ер адам көз жұмды.
Қарқаралы ауданының Балқантау ауылдық округіндегі табиғи өртті ауыздықтау барысында барлығы үш адамның денесін күйік шалған еді.
ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 1989, 1979 және 1973 жылы туған Егіндібұлақ кентінің 3 тұрғыны ауруханаға жатқызылған. Олардың денесін 18, 28 және 90% термиялық күйік шалған.
Егіндібұлақ ауылынан 3 адам жеткізілді. Оның біреуінің денесін 90% күйік шалған. Өте ауыр күйік шогын алған. Термоингаляциялық жарақат. Жасалған шараларға қарамастан, өкінішке қарай, науқас алған жарақатының ауырлығынан қайтыс болды. Екінші науқастың 28% денесін күйік шалған, үшіншісінде - 18% күйік. Олардың жағдайы тұрақты, – деп хабарлады Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Табиғи өрттерді жоюға 339 адам және 94 техника, оның ішінде ТЖ департаменті (93 адам, 22 техника) және жергілікті атқарушы органдардың өртке қарсы ерікті құралымдары (246 адам, 72 техника) жұмылдырылды.
Оқи отырыңыз: