Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағандыда қолына үш жасар баласын алған 24 жастағы әйел терезеден секіріп кете жаздады.
Төтенше жағдай 23 мамырда Восток-3 шағынауданында болған. Әйел баласымен бірге терезеден секірмек болған.
Оқиға орнына жедел-тергеу тобы дереу аттанды. 24 жастағы әйел қолында 3 жасар қызы бар, бес қабатты үйдің үшінші қабатындағы пәтердің терезесінде отырған. Оқиға орнына Төтенше жағдай министрлігінің өкілдері мен жедел жәрдем қызметкерлері келді, - деді аймақ ПД баспасөз қызметі.Полиция қызметкері Қымбат Әлтаев пәтерге кіріп, секірмек болған әйел мен баласын аман алып қалды.
Кейін әйелдің медициналық мекемеде есепте тұратыны анықталды. Әйелді тиісті ем-дом шараларын жүргізу үшін медициналық мекемеге жеткізді.