Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағандыда Тұңғыш Президент күніне және Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ерлер арасында асық атудан, ал әйелдер арасында бес асықтан облыс кубогі басталды.
Өңірдегі 8 аудан мен 5 қаладан келген командалар екі күн бойы барын салады. Алғашқы айналымда спортшылар бес метр қашықтықтан асық шиырып, шеңберден шығаруға тырысты. Мергендері облыс құрамасына алынып, алдағы наурызда өтетін республикалық жарыста бағын сынамақшы.
Айта кету керек, Қарағанды командасы жуырда Павлодар қаласында өткен Қазақстан кубогінда бас жүлдені жеңіп алып, үш бірдей азамат спорт шебері атанған.
Бұл іріктеу жарысы болып анықталған. Алла жазса, келесі жылы, 2022 жылы өтетін республикалық жарысқа дайындық. Осы жарыстың қорытындысы бойынша үздік ойыншыларды анықтап, Қарағанды облысының командасын жасақтаймыз, - дейді жарыстың бас төрешісі Амангелді Нұрмұханов.