Қарағанды облысының ауылшаруашылық саласында ілгерілеу бар – басқарма басшысы

16 Қазан 2020, 14:30
3612
Бөлісу:
Қарағанды облысының ауылшаруашылық саласында ілгерілеу бар – басқарма басшысы

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Аймақта мал басы өсіп, егін алқабының көлемі артқан. Суармалы егіншілік саласын дамыту қолға алынып, тозған жайылымдық жерлер қалпына келтірілуде. Ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестиция көлемі де артқан. Алдағы жоспарда экспорт көлемін ұлғайту. Аймақтың мал шаруашылығы және егіншілік салаларындағы жаңалықтары жайлы облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы баяндаған болатын.

Қарағанды облысында өткен тоғыз айда ет өндіру 5 пайызға артып, 101,1 мың тоннаны құраған. Сүт өндіру 3,1%-ға артса, жұмыртқа шығару 9,5%-ға төмендеп, жыл басынан бері 502,4 миллион дана жұмыртқа өндірілген.

Жалпы алғанда өңірдегі мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісі ішкі нарықтың сұранысын толығымен жабады. Ет өндірудің артуы облыстағы мал басының өсуімен байланысты. Биылғы жылы облыста ірі қара 4,1%-ға, жылқы 10,2%-ға, қой мен ешкі 1,9%-ға ал шошқа 5,7%-ға өскен, - дейді Қарағанды облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сағынжан Апақашов.

Аймақта «Сыбаға» бағдарламасының сауабын көріп жатқан шаруа қожалықтары да жеткілікті. Аталған бағдарлама аясында ірі қара мал мен қойдың аналық басы көптеп сатып алынуа. Сондай-ақ, облыстағы асыл тұқымды малдың да саны артқан.

Басқарма басшысының айтуынша, өңірдегі сүт өндіру көлемін арттыру үшін аймақтарда сүт-тауар фермалары салынып жатыр. Қазіргі уақытта облыста осындай 52 ферма бар. Биылғы жылы тағы 7 ферма салыну жоспарланған болса, соның төртеуі жұмыс істеп тұр, қалғаны жыл соңына дейін пайдаланылуға берілуі тиіс. 2025 жылға дейін 7200 мал басына арналған 20 сүт фермасы салу көзделіп отыр. Бұл шаралар облыс тұрғындарын сүт өнімдерімен қамтуға мүмкіндік бермек.

Мемлекет басшысының ауыл шаруашылық саласына қойған міндеттерінің бірі – қосалқы шаруашылықтың әлеуетін тік және көлденең кооперация аясында пайдалану болып табылады. Бұған мысал, Қарағанды облысының Абай ауданында «Нәтиже Сүт» ЖШС-нің қатысуымен «Арқа сүті-2020» кооперативі құрылған. Оның құрамына 173 шаруашылық кіреді. «Арқа сүті-2020» кооперативінің тәжірибесін алға қоя отырып, басқа да өнім шығарушы өнеркәсіп базаларында кооперация құру жұмысын жалғастыру жоспарлануда, - дейді Сағынжан Апақашов.

Тағы бір қуантарлығы, Қарағанды облысындағы ауыл шаруашылық саласына тартылған инвестиция көлемі артқан. Үстіміздегі жылдың 9 айында ауыл шаруашылығы саласындағы инвестиция 33 пайызға артып, 17,4 миллиард теңгені құрады.

Қазіргі уақытта облыс бойынша 33,3 млд теңге соммасындағы 31 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Аталған жобалар 1567 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Инвестициялық жобалар агроөнеркәсіптік кешеннің салаларын дамытуға бағытталған. Жоғарыда аталған сүт-тауар фермаларын құру жобаларынан бөлек ірі жобалар да жүзеге асырылуда. Оның ішінде 10 мың бас ірі қараға арналған мал шаруашылық кешенін айта кетуге болады. Біріктірілген кешенде мал сою цехы, мұздатуға арналған қоймалары болады. Мұнда сойылған мал еті өңдеуден өтіп, шұжық өнімдері жасалады. Бір сөзбен айтқанда өзі мал асырайтын, өзі сойып, өзі өңдейтін мегаферма болады, - дейді басқарма басшысы.

Басқарманың мәліметінше, облыстағы машина-трактор паркіне де инвестиция құйылып жатыр.

Облыстың ауыл шаруашылық өнім өндірушілері 996 арнайы технника сатып алды. Ауыл шаруашылығы техникасын сатып алушылардың дені Нұра, Шет және Оскаровка аудандарынан. Әзірге облыстағы арнайы техниканың 4,2%-ы жаңартылды, - дейді Сағынжан Апақашов.

Жалпы алғанда, 2020 жылы аймақтың ауыл шаруашылық саласына 23,1 млд теңге көлемінде инвестиция тартылады деп күтілуде.

Қарағанды өңірінің ауыл шаруашылық саласындағы басты мәселенің бірі экспорт көлемін арттыру болып табылады. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында ауыл шаруашылық өнімдерін экспорттауды екі есеге арттыруды тапсырды. Биылғы жылы 73 миллион АҚШ доллары көлеміндегі ауыл шаруашылық өнімін экспорттау жоспарлануда. Оның ішінде 160,9 мың тонна өңделген өнім болады. Экспорттың басым бөлігін, яғни 65 пайызын ұн құрайды, май өнімдері 8%, макарон өнімдері 5,4%. Өнім Ресей, Өзбекстан, Ауғанстан және Қытай елдерінің нарығына жеткізіледі. 2025 жылы ауыл шаруашылық өнімдерін шетелге экспорттау екі есеге артып, 120 млн АҚШ долларын құрайды деп күтілеуде, - дейді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, карантин мен төтенше жағдайға қарамастан көктемгі егіс науқаны уақытылы өткен. Тіпті егін алқабының көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 67,6 мың гектарға артқан.

Биылғы жылы астық Осакаров, Бұқаржырау, Нұра аудандарында жақсы жиналды. Бұл астық облыс халқының сұранысын қамтамасыз етуге жеткілікті. Егін шаруашылығы саласында жоғары өнімділікке қол жеткізуге мол өнім беретін дән егу, минералды тыңайтқыштар, пестицид қолдану септігін тигізді. Бұларды сатып алу үшін 758,2 млн теңге көлемінде субсидия бөлініп, қаражат толығымен игерілді. Субсидияданың көп бөлігін Осакаров, Абай, Нұра аудандарының шаруалары алды, - деп атап өтті Апақашов.

Биыл әлеуметтік маңызы бар нан мен ұн бағасының көтерілмеуі үшін бидайдың 36,3 мың тонна көлеміндегі резервтік қоры әзірленген. Осы қордағы бидай ұны дүкендер мен сауда орындарында сатылатын әлеуметтік нанды пісіру үшін қолданылатын болады. Ал көкөніс өнімдері облыстағы 126 қоймада сақталады. Арнайы қоймаларда 245,1 мың тонна көкөніс сақтауға болады. Биыл осындай 3 қойма пайдалануға беру көзделіп отыр, олардың жалпы сыйымдылығы 7960 тонна шамасында болмақ.

Өзімізде өндірілетін өнімдер басты қажеттіліктегі азық-түліктің 13 түрі бойынша сұраныстың 100 пайызын өтейді. Бұл бірінші сортты ұн, бірінші сортты ұннан жасалған нан, картоп, сәбіз, қызылша, ет өнімдері, құс еті, шұжық өнімдері, макарон және жұмыртқа. 9 түрлі тағам бойынша сұраныс жартылай қамтылады. Бұл айран, ірімшік, пастерленген сүт, сары май, қырыққабат, пияз, қияр, қызанақ және балық өнімдері. Ал, күріш, қарақұмық, күнбағыс майы, тұз, қант және сұлы жармасы біздің облыста өндірілмейді, қажеттілік басқа өңірлерден әкелінетін тауарлармен жабылады. Сүт өнімдеріне деген сұранысты қосымша сүт-тауар фермаларын салумен жабатын боламыз. Көкөніс өнімдеріне сұраныс егістік алқабының арттырылуымен және суармалы жерлерді көбейтумен шешілетін болады. Ал жарма өнімдеріне деген ішкі нарықтың қажеттілігін өтеу үшін Осакаров ауданындағы «Найдоровское» ЖШС жарма өнімдерін өндіретін көп дақылды зауыт салу жобасын әзірлеуде. Жылына 15,34 мың тонна өнім беретін жобаның жалпы құны 4,4 млрд теңгені құрайды, - дейді ол.

Президент өзінің халыққа жолдауында агроөнеркәсіп саласының дамуына кері әсер ететін фактор ретінде технологиялық тұрғыда ескірген жерді суару жүйесі екендігін айтып, заманауи технологиялар мен инновацияларды енгізуді тапсырды. Осы бағытта Қарағанды облысында біршама жұмыстар атқарылуда. Аймақтағы суармалы жерлердің көлемі ұлғайып келеді. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының айтуынша, облыстың барлық аймағында бұған қажетті инженерлік инфрақұрылым жоқ. Дегенменде, алдағы жылдары облыс бойынша 27,9 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру және 100 мың гектар жаңа суармалы жерді пайдалануға беру жоспарлануда. Суармалы егіншілікті мемлекет тарапынан қолдау мақсатында жергілікті бюджеттен жыл сайын ауыл шаруашылық өндірушілеріне су жеткізу қызметінің ақысын өтеу үшін субсидия бөлінеді. Бұл шаралар көкөніс пен картоп өндірісінің артуына, өнімнің сапасының жақсаруына, жерді тиімді пайдалануға мүмкіндік бермек.

Тозған жайылымдық жерлердің мәселесі әлі де күн тәртібінен түспей келеді. Қазіргі уақытта облыс бойынша осындай жерлердің жалпы көлемі 1,5 млн гектарға жуық. 2 мың гектарды қалпына келтіру үшін биыл 94,3 млн теңге көлемінде қаржы бөлінген болатын. Қазіргі уақытта Бұқаржырау аудандағы елді мекендердің 489 гектар жайылымдық жерлерін қалпына келтіру бойынша жұмыстар аяқталды. Күздің соңына дейін Ботақара елді мекеніндегі тозған 300 га жер қалпына келтірілетін болады, - деді Сағынған Апақашов.

Өзгелердің жаңалығы