Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысында коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинацияланғандардың саны өсуде. Бүгінгі таңда вакцинаның алғашқы компонентін 314 023 адам алды, екіншісін 170 958 адам алған.
Облыстық аппараттық кеңесте Мемлекет басшысының 10 шілдедегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған тапсырмаларының орындалуы талқыланды.
Мемлекет басшысы коронавирустық инфекциямен күрес жөніндегі шараларды қайта қарауға шақырды. Ол пандемиямен күрес форматы өзгеріп жатқанын және көптеген елдер вирустың таралуын нөлге дейін төмендетуді мақсат етпейтінін атап өтті. Президент ауыр жағдайлар мен өлім-жітімді азайтуға, сондай-ақ күрделі науқастарды емдеуге баса назар аударуға шақырды. Иммундау ауру ағымының ауырлығын және өлім қаупін барынша төмендетеді, – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гамаль Тоқсамбаевтың сөзіне сүйенсек, облыста вакцинация жалғасуда. Оның айтуынша, күн сайын КВИ-ге қарсы вакцинацияны шамамен 7000-8000 адам жасайды.
Қарағанды облысында КВИ жұқтырудың 43 291 жағдайы тіркелді. 38 229 адам сауығып кетті. Соңғы екі аптада барлық қалалар мен аудандар бойынша аурушаңдықтың өсуі байқалады. Бұл өңіріміздің "қызыл" аймаққа өтуіне әкелді. "Дельта" - штаммның таралуы расталды. Облыстың денсаулық сақтау жүйесі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына дайын – тиісті жұмыс жоспары қабылданды, – деп баяндады ведомство басшысы.
Денсаулық сақтау басқармасының ақпараты бойынша, өңірде КВИ бар науқастарды емдеуге арналған 6 мыңнан астам төсек-орын бар, олардың 1 275-і резервте тұр. Балаларға 375 төсек-орын ұйымдастырылды. Жүкті және босанған әйелдерге арналған аурухана бөлек ашылды.
Қазір жұқпалы аурулар ауруханаларында 2 364 медицина қызметкері жұмыс істейді. Тағы мыңнан астамы резервте. Облыста бес шұғыл әрекет ету бригадасы құрылды, оларға инфекционистер, реаниматологтар және пульмонологтар кірді.
Стационарларда дәрілік заттардың үш айлық қоры, емханаларда – бес айлық қоры қамтамасыз етілген. Қан орталығында антибактериалды плазма қоры құрылды.
Облыста 26 КТ аппараты жұмыс істейді. ПТР тестілерін он зертхана жасайды, тәулігіне 15 600-ге жуық зерттеу жүргізіледі, 20 мыңға дейін жеткізу мүмкіндігі бар.