Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша жұмыс сапары аясында вице-премьер Ералы Тоғжанов Қарағанды облысының активімен эпидемиологиялық жағдай және «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді. Бұл туралы Премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.
Премьер-министрдің орынбасары өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін, осы жылдың тамыз айынан бастап COVID-19-бен ауыру көрсеткішінің 8 есеге төмендегенін атап өтті. Жиында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек коронавирус инфекциясының алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Ералы Тоғжанов жергілікті билік органдарына халықты вакциналаумен қамту жұмыстарын күшейтуді, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасында аурудың өсуіне жол бермеу үшін мектептерде карантин шараларының сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Сондай-ақ, вице-премьер «Pfizer» вакцинасын сақтау және тарату жөніндегі негізгі хаб орналасатын қан орталығының жұмысымен танысты.
Бүгінгі күні демеушілік көмек аясында «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы облыс үшін жалпы сомасы 180 млн теңгеге 97 мұздатқыш қондырғысын сатып алды. Тоңазытқыштар «Pfizer» вакцинасын сақтау және тасымалдау үшін қажетті температураны -70 градустан -90 градусқа дейін сақтайды.
Қарағанды облысы «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының қаржылық қолдауының арқасында тоңазытқыш жабдығымен қамтамасыз етілген еліміздегі алғашқы өңірлердің бірі. Облыстың әрбір қаласы мен аудан орталығы «Pfizer» вакцинасын сақтауға арналған мұздатқыштармен толық қамтамасыз етіледі. «Суық» тізбекті сақтау - бұл вакцина бойынша негізгі талап. Қажетті тоңазытқыш жабдықтарын жедел жеткізгені үшін «Арселор Миттал Теміртауға» алғысымызды білдіреміз, — деді Премьер-министрдің орынбасары.
Сондай-ақ, Ералы Тоғжанов операциялық блоктың қосымша құрылысы жүргізіліп жатқан онкологиялық орталықта болды. Бұдан басқа, объект аумағында мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде позитронды-эмиссиялық орталық және онкологиялық науқастарды диагностикалау және емдеу үшін True Beam желілік үдеткіші бар қосымша құрылыс салу жоспарлануда.
Сонымен қатар делегация білім беру нысандарын, атап айтқанда, құрылысы жүріп жатқан 600 орындық мектеп пен өткен ғасырдың 30-шы жылдары салынған мектептің жөндеу жұмыстарымен танысты. Аталған нысандар «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.
Сапар соңында Премьер-министрдің орынбасары облыс басшылығына халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында бірқатар нақты тапсырма берді.