Қапшағай қаласында 50 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді

7 Шілде 2021, 07:45
1934
Бөлісу:
Қапшағай қаласында 50 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен елорда күні қарсаңында Қапшағай қаласында 50 пәтерлі жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды 7-su.kz.

Кезекте тұрған, қуанышын көптен күткен жандар үшін қоныстойдың хабары жетіп, Қапшағай қаласында 50 отбасы баспаналы болды. Қала әкімі Нұрлан Құматаев пәтер иелеріне үйдің кілтін тапсырып, жүрекжарды тілегін білдірді.

Биыл баршамыз тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтеміз. Тәуелсіздіктің әрбір жылы еліміз үшін өте маңызды тарихи оқиғалар мен бетбұрыстарға толы болды. Бүгін сол еліміз үшін қастерлі мереке қарсаңында баршаңызға асыға күткен жаңа пәтердің кілттері табысталып отыр. Осы қуанышты күні баршаңызға мол бақыт, ашық аспан, отбасы амандығын тілей отыра, жаңа баспана жаңа қуаныш пен шаттық әкелсін дегім келеді. Қоныс құтты, шаңырақтарыңыз биік, еліміз тыныш, тәуелсіздігіміз мәңгі болсын, ағайын! – деді Нұрлан Құматаев.
Бұл тұрғын үй қаладағы №19 ықшамауданынан бой көтерді. Құрылысы өткен жылдың мамыр айында басталған еді. Ауласына дейін абаттандырылып, көлік тұрағы да жасалған. Мердігер –  «АИКО» құрылыс компаниясы.

Мұндағы пәтерлер – бір бөлмелісі 45, екі бөлмелісі 60, үш бөлмелісі 70 шаршы метрді құрайды. Оның ішінде 10-ы бір, 25-і екі, қалғаны үш бөлмелі пәтерлер. Осылайша «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен бөлінген 391 миллион теңге ел пайдасына игерілді. «Құрылыс сапасына айтар сын жоқ», – дейді жауаптылар.

Айта кетерлігі, қала бойынша үй кезегінде тұрған тұрғындар 2900-ден асады. Олардың 226-сы – көпбалалы аналар. Қала әкімінің айуынша, биыл жалпы 180 тұрғын үйдің кілті өз иелеріне табыс етілмек.



Өзгелердің жаңалығы