Қаңтар айында ел тұрғындары 2 мыңнан астам алтын құймасын сатып алған

18 Ақпан 2021, 11:06
1264
Бөлісу:
Қаңтар айында ел тұрғындары 2 мыңнан астам алтын құймасын сатып алған

Алматы, BAQ.KZ.  2021 жылдың қаңтар айында қазақстандықтар екінші деңгейлі банктерден және жекелеген банктік емес айырбастау пункттерінен жалпы салмағы 111,5 келі 2 414 құйма сатып алды. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.

Ұлттық банк халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын 2017 жылы қолға алған болатын. Бағдарлама жүзеге асырыла бастағаннан бері жалпы салмағы 1,68 тонна 44 993 алтын құйма сатылды.
Алтын құймалардың бес түрі ұсынылған: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасы іске асырылғалы халық арасында ең көп сұранысқа ие болғаны – 10 г. құйма.

Жалпы сатылымдағы оның үлесі 26% – 11 654 дана. Одан кейін 100 г. құйма – 10 572 дана (23%) және 20 грамм – 10 123 дана (22%), 5 грамм – 7 177 дана (16%), 50 грамм – 5 467 дана (12%). Негізінен өлшенген құймалар Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларында сұранысқа ие.

Алтын құймалар сенімді инвестициялық құрал бола алады. Банктер мен банктік емес айырбастау пункттерінің клиентке ақшасын төлеп, құймаларды «күнбе-күн» сатып ала алатын мүмкіндігі – алтын құймалар нарығының өтімділігін қамтамасыз етуде негізгі факторға айналып отыр. Бағдарлама іске қосылған уақыттан бері жалпы салмағы 3,5 кг өлшенген 133 құйма сатып алуға қабылданды. Бұл, әрине, алтын құймалардың ұзақ мерзімді инвестициялау мен жинақтау құралы болып табылатынына байланысты, - делінген хабарламада.

Әр құйма қорғаныс элементтерімен (құймалардың айна беті, микротекст және рельефтің шеті), құймаларды механикалық зақымданудан қорғайтын және пакеттің ашылған-ашылмағанын тексеруді жеңілдететін арнайы қаптамада шығарылады. Қорғаныс қаптамасы, сонымен қатар құйманың сапа сертификаты бола алады. Сондықтан құйманы сақтағанда мұқият болып, ораманы ашпаған жөн.

Қазіргі уақытта алтын құймаларды Halyk Bank-те, Еуразиялық банкте, Jýsan Bank-те, Банк ЦентрКредитте, сондай-ақ банктік емес айырбастау пункттерінде сатып алуға және сатуға болады.

Өзгелердің жаңалығы