Қанат Көбесов кейбір өңірлерге не себепті көмір жеткізілмей жатқанын айтты

5 Қазан 2021, 15:58
1807
Бөлісу:
Қанат Көбесов кейбір өңірлерге не себепті көмір жеткізілмей жатқанын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еліміздің солтүстік өңірлері коммуналдық-тұрмыстық көмірмен толық қамтамасыз етілген. Бұл туралы «ҚТЖ – Жүк тасымалдау» ЖШС бас директорының орынбасары Қанат Көбесов мәлім етті.

Оның айтуынша, тұрғындардың коммуналдық тұрмыстық қажеттілігі үшін 6,1 млн тонна қатты отын жеткізілген.

Сондай-ақ ол оңтүстік облыстарға көмір тасымалдау жұмыстарының не себепті кешіктірілгеніне жауап берді.

Бірінші кезекте, теміржол ЖЭО мен тұрғындар қажеттіліктерін толық көлемде жабады. Біздің жоспарымыздан сәл артта қалу себебі, еліміздің оңтүстік өңірлері көмірді жеткізуге енді өтінім бере бастағанына байланысты, өйткені елдің оңтүстігінде салыстырмалы түрде жылы ауа райы байқалады. Бұл ретте Қазақстанның солтүстік өңірлері коммуналдық-тұрмыстық көмірмен толық қамтамасыз етілген, - деді Қанат Көбесов.

Көбесовтың мәлімдеуінше, ЖЭО-ларға көмір тиеу жұмыстары тәулік сайын бақылауда, айналма маршруттар ұйымдастырылды. Жүк вагондарымен қамтамасыз ету тиісті деңгейде жүргізілуде.

Ағымдағы жылдың қыркүйек айында темір жол көлігімен 8,8 млн тонна тас көмір тасымалданса, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 3,7% жоғары. Оның ішінде ТМД елдеріне экспортқа 2,7 млн тонна қатты отын тиелді. Ел ішінде 6,1 млн тонна тасымалданды. Өткен жылға қарағанда өсім 5,4% құрады. Оның ішінде жылу электр орталықтарына 5 млн тоннасы жеткізілді, бұл 2020 жылдың қыркүйегіне қарағанда 8,5% жоғары. Ағымдағы жылдың 5 қазанындағы жағдай бойынша елімізде жұмыс істеп тұрған 28 ЖЭО-да көмірдің нормативтік қоры қамтамасыз етілген, - дейді «ҚТЖ – Жүк тасымалдау» ЖШС бас директорының орынбасары.



Өзгелердің жаңалығы