Канададағы әскери базадағы өрттен кемінде төрт адам қаза тапты

Оқиғаның нақты себебі әзірге анықталған жоқ.

 ЕРА/ВВС 19 Қазан 2026, 01:29
19 Қазан 2026, 01:29
98
Фото: ЕРА/ВВС

Канададағы Уэйнрайт әскери базасында болған ірі өрт салдарынан кемінде төрт әскери қызметкер қаза тауып, ондаған адам ауыр жарақат алды. Ел премьер-министрі Марк Карни бұл оқиғаны Канада Қарулы күштерінің бейбіт уақыттағы тарихындағы ең ауыр қайғылы оқиғалардың бірі деп атады.

Өрт неден шықты?

ВВС мәліметінше, өрт сенбі күні жергілікті уақыт бойынша сағат 16:00 шамасында басталған. Оқиғаның нақты себебі әзірге анықталған жоқ.

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, өртке әскери атыс жаттығулары кезінде газ құбырының зақымдануы себеп болуы мүмкін. Алайда бұл ақпарат ресми түрде расталмаған.

Карнидің айтуынша, жалын қатты әрі жылдам таралып, базаның аумағын шарпыған. Уэйнрайт муниципалдық округінің өкілдері өрттің қатты жел салдарынан тез өршігенін хабарлады.

Канада Қорғаныс министрлігі оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатқанын мәлімдеді. Ведомство қазіргі уақытта өрттің террористік әрекетке қатысы бар екенін көрсететін белгілер жоқ екенін атап өтті.

Қаза тапқандар мен жараланғандар саны

Канада премьер-министрі жексенбі күні төрт әскери қызметкердің қаза тапқанын растады. Сонымен қатар ондаған адамның ауыр жарақат алғанын хабарлады. Қаза тапқандардың есімдері әзірге жарияланған жоқ, алайда олардың отбасыларына хабар берілген.

Бұған дейін канадалық БАҚ аты-жөні аталмаған әскери дереккөздерге сілтеме жасап, жеті адамның көз жұмғанын жазған еді. Алайда ресми билік төрт адамның қаза болғанын растады.

Сенбі күні кешке Эдмонтон қаласындағы Корольдік Александра ауруханасы жаппай зардап шеккендерге көмек көрсетуге арналған төтенше жағдай режимін енгізді. Медициналық мекемеге көптеген жарақат алған адам жеткізілген.

Әскери база қайда орналасқан?

Уэйнрайт әскери базасы Канаданың Альберта провинциясында, Эдмонтон қаласынан шамамен 193 шақырым және Калгариден 290 шақырым қашықтықта орналасқан.

Бұл – Канада армиясының ірі әрі белсенді әскери жаттығу орталықтарының бірі. База аумағындағы аэродромды Канаданың Корольдік әуе күштері де пайдаланады.

Әскери нысандағы адам саны тұрақты емес, алайда онда бір мезгілде 1 000-нан астам қызметкер болуы мүмкін. Өрт кезінде зардап шеккендердің жаттығу алаңында немесе тұрғын үй-жайларда болғаны әзірге нақтыланбаған.

Наверх