Қазақстан мен Канада арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және инвестицияларды тарту мақсатында Ванкувер қаласында еліміздің Құрметті консулдығы ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстанның Ванкувер қаласындағы Құрметті консулы қызметіне канадалық «Arras Minerals» тау-кен компаниясының басшысы Даррен Клинк тағайындалды.
Ашылу рәсіміне Қазақстан елшісі Даулетбек Құсайынов, Британдық Колумбия провинциясының Сауда министрі Джагруп Брар, Британдық Колумбияның дипломатиялық корпусы және іскерлік топтар өкілдері қатысты.
Елші Д. Құсайынов өз сөзінде Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан жүйелі реформалар аясында Құрметті консулдық қызметі Қазақстан-Канада ынтымақтастығының дамуы мен кеңеюіне одан әрі серпін беретінін жеткізді.
Министр Дж. Брар Қазақстанның жоғары экономикалық және инвестициялық әлеуетін, сондай-ақ еліміздің әсерлі даму қарқынын атап өтті.
Өз кезегінде жаңадан тағайындалған Құрметті консул Д. Клинк қазақстандық тарапқа көрсетілген жоғары сенім үшін ризашылығын білдіріп, Қазақстанның Британдық Колумбиямен экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылын жандандыруға дайын екенін растады.
Құрметті консулдық – өзі өкілдік ететін елдің мемлекеттік қызметінде тұрмай, сол елдің және оның азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғауды қоса, бірақ визалар мен өзге де ресми құжаттарды беруді қоспағанда, өкілдік ететін мемлекеттің тапсырмасымен және болу елінің келісімімен ақысыз негізде кейбір консулдық міндеттерді атқаратын Құрметті (штаттан тыс) консул басқаратын мекеме.
Қазіргі таңда Канадада Саскачеван, Альберта, және Британдық Колумбия провинцияларында ҚР Құрметті консулдықтары қызмет атқаруда.