Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Камбоджа – Таиланд шиеленісі: Трамп екі елмен келіссөз жүргізбек

Бүгiн, 07:48
124
Бөлісу:
 Bonnie Cash / CNP / AdMedia / Global Look Press
Фото: Bonnie Cash / CNP / AdMedia / Global Look Press

АҚШ президенті Дональд Трамп бүгін, 11 желтоқсанда Камбоджа мен Таиланд арасындағы қақтығысты шешу мақсатында екі ел басшыларымен телефон арқылы келіссөз жүргізетінін мәлімдеді. Бұл туралы ол Ақ үйде журналистерге берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Америкалық көшбасшының айтуынша, екі ел арасындағы бұл шиеленіс көп жылдар бойы жалғасып келе жатыр.

Мен бұл жағдайды бұған дейін де бір рет шешкенмін. Қақтығысты тез арада тоқтатуға қабілеттімін деп ойлаймын. Ертең телефон арқылы сөйлесеміз деп жоспарланып отыр… Тайланд пен Камбоджамен. Мен оларды әскери қимылдарын тоқтатуға мәжбүрлей аламын деп сенемін, – деді Трамп.

Айта кетейік, атыс қаруымен қақтығыстар 7 желтоқсанда Таиланд пен Камбоджа шекарасында басталған. Дүйсенбі күні Таиланд корольдік армиясы Камбоджа күштері таңертең шекара аймағындағы тай позицияларына артиллериялық соққы бергенін хабарлады. Бұған жауап ретінде Таиланд әуе күштері Камбоджаның әскери инфрақұрылым нысандарына шабуыл жасаған.

Таиландтың құрлықтағы әскерлері де Камбоджа дүйсенбі және сейсенбі күндері БМ-21 жүйелерінен Таиланд аумағын атқылағанын және камикадзе дрондарын қолданғанын мәлімдеді. Тай әскерилері негізгі аудандарды бақылауға алу және қарсы тарапты тойтару мақсатында жауап оқ атуға мәжбүр болған. Соңғы мәлімет бойынша, қақтығыс барысында Камбоджа тарапынан кемінде жеті, Таиланд тарапынан бес әскери қызметкер қаза тапқан.

Камбоджа Премьер-министрі Хун Манет пен Таиланд Премьер-министрі Анутин Чанвиракун осы жылдың қазан айында АҚШ президентінің қатысуымен өткен АСЕАН-ның 47-ші саммитінде бірлескен декларацияға қол қойған еді. Құжат екі ел арасындағы шекаралық дауды бейбіт жолмен шешудің әрі қарайғы қадамдарын айқындайды. Тараптар «шиеленісті бәсеңдетуге, сенімді және өзара тиімді қарым-қатынасты қалпына келтіруге жәрдемдесуге» міндеттенетіндерін атап өткен болатын.

Өзгелердің жаңалығы