Алматы. BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласының кәсіпкерлік және инвестиция басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин кәсіпкерлерді бір аптаға енгізілген шектеу шараларына түсіністікпен қарап, талаптары қатаң сақтау арқылы қаладағы эпидемиологиялық жағдайды жақсарту үшін үлес қосуға шақырды.
Бұл туралы ол Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтты.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин 21 – 28 наурыз аралығында эпидемиологиялық жағдайға байланысты Алматы қаласында қатаң караниндік шаралар енгізілгенін хабарлаған болатын.
Бір аптаға енгізілген карантиндік шектеулерді қатаң сақтау эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруы үшін үлкен рөл атқарады. Талаптар сақталмаған жағдайда шектеу мерзімі ұзаруы мүмкін. Сондықтан кәсіпкерлік нысандары мен халықтың денсаулық жағдайына ұзартылған карантин кері әсер етпеуі үшін бір апта түсіністік танытып, талаптарды сақтауға шақырамын, - деді ол.
Оның айтуынша, шектеу шаралары кезінде халықты азық-түлік және медициналық заттармен қамтамасыз ету жағы ескерілді.
Аталмыш нысандар жұмысын жалғастырады. Ал сауда-ойын-сауық орталықтары мен базарлар жұмысын тоқтатады. Азық-түлік сатпайтын дүкендер жұмысына шектеу қойылды. Енді олар 10.00-нан 20.00-ге дейін істейді. Шаштараздар мен салондар тек алдын ала жазылу бойынша қабылдайды. Ал маникюр, педикюр мен косметологиялық қызмет көрсету уақытша тоқтатылады, - деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, мереке күндерімен тұспа тұс келген шектеу шаралары мереке күндері табысты болады деп күткен кәсіпкерлерге оңай тимесі анық. Алайда халықтың денсаулығы басты орында екенін атап өтті.