АҚШ президенті Дональд Трамп Калифорниядағы жойқын өрттен зардап шеккендерге көмек ретінде жиналған 100 миллион доллардың із-түссіз жоғалғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
100 миллион доллар жоқ болды. Бұл қаражат Лос-Анджелестегі өрттен зардап шеккендерге көмек ретінде жұмсалуы тиіс еді. Егер басқару дұрыс болғанда, мұндай апаттың алдын алуға болар еді, – деп жазды Трамп өз парақшасында.
Сонымен қатар ол Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсомды төтенше жағдай кезінде әрекетсіздік танытты деп айыптап, штаттың қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, мұндай ауқымды сома – Демократиялық партияның басқаруындағы жүйенің жемқорлық сипатының көрінісі.
Айта кетейік, Лос-Анджелес аймағында басталған орман өрттері 7 қаңтардан бері тоқтамай, ірі табиғи апат ретінде тіркелді. Өрт салдарынан 12,3 мыңнан астам ғимарат жойылып, мыңдаған адам үй-күйсіз қалды.
25 қаңтарда Дональд Трамп зардап шеккен аудандарға су жеткізуді арттыру туралы арнайы Жарлыққа қол қойды. Оның айтуынша, бұл Батыс жағалаудан және ішінара Канададан жеткізілетін «шексіз су» көзі арқылы жүзеге аспақ.