Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. WhatsАpp мессенджерінде Қазақстанда 24 шілде мен 4 тамыз аралығында COVID-19 өршиді деген ақпарат тарап жатыр.
Осыған байланысты қалалардың үстінен ұшақтар дезинфекция жүргізетіні туралы хабарлама таратылып жатыр.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті бұл ақпаратты теріске шығарды.
Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Дезинфекциялық заттарды әуе көлігінен бүрку де жоспарда жоқ, – деп хабарлады ведомствоның ресми өкілі Ержан Байтанаев.
Еске сала кетейік, бүгінгі таңда елімізде КВИ жұқтырған 549 628 науқас анықталды. Өткен тәулікте 6925 адамнан ПТР арқылы коронавирус анықталды.