Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыда «Пазанда» кафесінде шыққан өрт 9.41-де толығымен сөндірілді, деп хабарлады Алматы қаласы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Алдын ала белгілі болғандай, "Манхэттен" тұрғын үйіне жақын орналасқан кафенің шатыры өртенген. Өрт сөндіру қызметі тілсіз жаудың жақын жерлердегі спортзалға таралып кетуінің алдын алды.
Айта кетейік, бүгін Алматы қаласы ТЖД 101 пультіне Брусиловский көшесі, 134/а мекенжайында өрт шықты деген хабарлама келді.
«Өрт сөндіру қызметінің жеке құрамы мен техникалары Алмалы ауданы, Брусиловский көшесі, 134/а мекенжайында орналасқан кафеге 8:47-де келіп жетті. Оқиға орнына жеткенде екіқабатты «Пазанда» кафесінің шатыры өртенгені белгілі болды. Өрт 9:18-де ауыздықталды. Өрт сөндірушілер өрттің жақын жатқан спортзалға таралып кетуінің алдын алды. 9:41-де өрт толықтай сөндірілді. Өртті сөндіру жұмыстарына жеке құрамнан 36 адам және 12 бірлік техника жұмылдырылды», - делінген қалалық ТЖД хабарламасында.
Өрт кезінде қаза тапқандар мен жапа шеккендер жоқ.