Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр Президенттік жастар кадрлық резервінің қатысушыларымен кездесті.
Кадрлық резервте болудың өзі көп нәрсені міндеттейді. Сіздердің әрқайсысыңыздың жеке секторда немесе мемлекеттік қызметте өз орнын табатынына және лайықты орын алатынына сенімдімін. Мен сіздердің қабілеттеріңізге сүйсінемін. Мұның бәрін қалай өткізгендеріңізді, қандай сынақтар болғанын білемін, әріптестерім түні бойы ұйықтай алмағандарын, қанша толқу болғанын, көбінің өтпей қалғандарын айтатын. Кадрлық резервке енген адамдар үлкен құрметке лайық, -деді Роман Скляр елордада Президенттік жастар кадрлық резервінің форумында.
Роман Скляр «Қалалардың дамуы және урбанистика» сессиясының басты қонағы болды.
Вице-премьердің айтуынша, ол соңғы бес жылдан бері агломерациямен айналысып келеді.
2050 жылға қарай әлемде урбандалу процесі жеделдейді және болжам бойынша әлем халқының үштен екісі қалаларда тұратын болады (...). Ірі қалалардағы еңбек өнімділігі басқа аумақтармен салыстырғанда 30-50% жоғары болып отыр. Біздің елімізде республикалық маңызы бар үш қала, 14 облыс орталығы және үлкен Семей қаласы, 27 моно және 42 шағын қала бар. Бүгінде қалаларда 11,2 млн халық тұрады. Әрине, қордаланған мәселелер көп, олардың шешімі міндетті түрде болады. Осындай қызықты тақырыпты жас әрі талантты адамдардың көтеріп отырғаны қуантады. Бүгін де сіздерден тиімді ұсыныс-кеңестер аламыз деп үміттенемін, - деді Роман Скляр.
Айта кетейік, елордада Президенттік жастар кадрлық резервінің форумы өтті. Форум резервшілердің бастамасымен ұйымдастырылған. Сонымен бірге жиынға Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин және Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысты.