Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "ТКШ ҚазОрталығы" АҚ басқарма төрағасының орынбасары болып Президенттік жастар кадрлық резерві мүшесі тағайындалды.
Президенттік жастар кадрлық резервінің өкілі Нұрбек Серіков "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы" АҚ басқарма төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды.
Нұрбек Нұржанұлы Серіков 1989 жылы Қарағанды облысы, Балқаш қаласында дүниеге келген. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, Солтүстік Орал мемлекеттік аграрлық университетін (Тюмень қаласы) және ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Еңбек жолын 2012 жылы Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің Тұрғын үй құрылысы департаментінің Тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру басқармасының сарапшысы қызметінде бастаған. 2013 жылдан 2019 жылға дейін ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің Сумен жабдықтау және су бұру басқармасының түрлі қызметтерінде жұмыс істеді. 2019 жылдың мамырынан бастап ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің Коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы болып жұмыс істеді, - делінген хабарламада.
Айта кету керек, президенттің тапсырмасы бойынша Президенттік жастар кадрлық резервіне енген үміткерлер мемлекеттік қызметтің әкімшілік және саяси лауазымдарына, квазимемлекеттік сектордың басшылық позицияларына тағайындалатын кезде қаралады.
Президенттік жастар кадрлық резервін құру қажеттігін президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында атап өтті. Сол кезде мемлекет басшысы резерв жастар үшін тиімді әлеуметтік лифт болуы тиіс екенін атап өтті.