Кадр тапшылығы бар өңірге барған педагогтар 250 % үстемақы алады

13 Қазан 2022, 15:51
1782
Бөлісу:
Кадр тапшылығы бар өңірге барған педагогтар 250 % үстемақы алады
PHOTO
Фото: автордан

Бұл туралы аймақтардағы салаға жауапты басқарма басшылары және өзге өңірлерге барған мұғалімдермен онлайн кездесу өткізген Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Жыл басынан бері мұнайлы өңірге көрші облыстардан 9 педагог келген. Солардың бірі 6 жыл еңбек өтілі бар Қайсар Нұртанов. Ол бұған дейін Ақтөбе облысындағы шағын ауыл мектебінде қызмет еткен.Жаңа оқу жылынан бастап Атырау қаласындағы  № 16 Ж.Қаражігітов атындағы мектеп-лицейінде орыс сыныптарына тарих пәнінен сабақ береді. Арнайы конкурс өткен кезде, жас маманның таңдауына 4 облыс берілген. Оның ішінде Маңғыстау, Алматы, Түркістан және Атырау облыстары бар. Батыстың тумасы Атырау облысына келген. 

Негізі бұл бағдарлама 5 жылға негізделген екен. Егер де бізге баспана құнын төлесе, коммуналдық шығындарымызды өтесе ол әрине жақсы. Алдағы уақытта бұл конкурсқа қатысушылар саны артады деп ойлаймын. Сонымен қатар, бұл арқылы кадрдың тапшылығын да азайтуға болады-, дейді Қайсар Нұртанов. 

Облысқа келген 9 педагогтың 3-і  № 16 Ж.Қаражігітов атындағы мектеп-лицейінде, 4-і № 41 мектеп-гиназиясында, 1-і Ә.Жангелдин атындағы орта мектепте және тағы 1-і М.Отаралиев атындағы орта мектебінде жұмыс істеуде. 

Кадр тапшылығы бар өңірге барған педагогтар 250 % үстемақы алады

Жалпы Атырау облысындағы 200 мектепте 12 мыңнан астам ұстаз қызмет етіп жатыр. Әлі 24 мұғалімнің тапшылығы бар. Әсіресе тарих, математика және орыс тілі мен орыс әдебиеті пәндерінің мамандары ауадай қажет. 

Арнайы бағдарламада мұғалімдерді қолдау шараларының пакеті бар, атап айтқанда, лауазымдық жалақының 250% мөлшерінде жалақыны қамтамасыз ету, бұл сондай-ақ жалға алған пәтер және коммуналдық қызметтер төлемін өтеуді қамтиды. Оның 100 пайызы ынталандыру үшін болса, 150 пайызы жалдамалы пәтер мен коммуналдық шығындар үшін беріледі,- дейді Облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлнар Садуахасова.

Жауапты басқарма өкілдерінің сөзінше, өңірге келуге тағы 7 мұғалім қызығушылық танытып отырған көрінеді. 

Ал кадр тапшылығы мен сапаның төмендігіне қатысты мәселе Атыраудан бөлек,  мәселесі Алматы, Түркістан және Маңғыстау облыстарында да бар. Онлайн кездесу өткізген Асхат Аймағамбетов аймақтарда педагогтарға қатысты қандай да бір проблема туса, оны жедел түрде шешуге тапсырма берді. Ең бастысы қаржыға қарық болатын мұғалімдер артылған үмітті ақтаса болғаны. 

Өзгелердің жаңалығы