Бүгінгі кәсіподақ – Қазақстандағы азаматтық қоғамның басты белгісінің бірі – Тоқаев 

2 Қыркүйек 2020, 12:13
2349
Бөлісу:
Бүгінгі кәсіподақ – Қазақстандағы азаматтық қоғамның басты белгісінің бірі – Тоқаев  
Фото: Ақорда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев ҚР Кәсіподақтары федерациясының кезекті XXVI съезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуін оқып берді.

Кәсіподақтардың дәнекерлігі мен медиация арқылы еңбеккерлер мен жұмыс берушілердің тең құқылы диалогының арқасында ғана еңбек қатынастарын тиімді реттеуге болады. Осындай ынтымағы жарасқан ортада еңбек этикасын кемеліне келтіріп, әлеуметтік жауапкершілікті күшейтуге болады. Осыған орай, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі аясында еңбек заңнамасына толықтырулар әзірленді. Бұл кәсіподақ ұйымдарының мүмкіндігін кеңейтіп, олардың әлеуметтік институттар жүйесіндегі рөлін нығайта түседі. Бүгінгі кәсіподақ – Қазақстандағы азаматтық қоғамның басты белгісінің бірі, - деді Президент.

Сондай-ақ, Президент федерация осындай ұстаным мен мәртбесі арқылы мықты, белсенді әрі іскер көшбасшыларды даярлап шығару керегін айтқан.
Мен кәсіподақтардың кадрлық құрамына жастардың қосылғанын қалаймын. Сол арқылы ашық бәсекелестікке жағдай жасалып, еңбектегі жастарға тиімді әлеуметтік жағдай жасалады. Құрметті кәсіподақ ұйымдарының мүшелері, сіздердің алдарыңызда көптеген міндеттер тұр. Соларды шешу үшін әрдайым бірлік, кәсіби шеберлік жән өз ісіне деген адалдық керек. Ортақ Отанымыз – Қазақстан республикасының игілігі жолындағы еңбектеріңізге табыс тілеймін, - деп Абаев Президенттің үндеуін оқып берді.

Өзгелердің жаңалығы