Кәсіпкерлік қызметті қолдаудың жол картасы бекітілді

5 Қазан 2019, 08:57
1818
Бөлісу:
Кәсіпкерлік қызметті қолдаудың жол картасы бекітілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбеде кәсіпкерлікті қолдаудың жол картасы бекітіліп, жұмыс күшейді, деп хабарлады Aktobenews.kz.

Өңірге Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов келді. Кәсіпкерлермен кездесуге облыс әкімі Оңдасын Оразалин де қатысты. Жиында кәсіпкер жиі кездесетін мәселелер туралы айтылды. Мәселен, 2018 жылы Ақтөбе облысының кәсіпкерлерінен бизнесті қорғау мәселелері бойынша 283 өтініш түскен. Оның 164-і оң шешімін тапты.

Болат Палымбетовтың айтуынша, жыл сайын ҚР Экономика министрлігімен бірге кәсіпкерлік ортаны жақсарту бойынша ауқымды жұмыс жүргізіледі. Нәтижесінде мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесі түбегейлі қайта қаралды. Егер 2011 жылы лицензия мен рұқсаттың 1115 түрі болса, қазір олардың саны 315-ті құрайды. 800-ден астамы немесе 72% рұқсат пен лицензия қысқартылды.

Айта кетейік, Бас прокуратура мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірге жол картасы әзірленді. Дәл осы құжат Ақтөбе облысында да бар. Жол картасында 11 тетік қарастырылған. Бірінші кезекте жер учаскелері туралы ақпаратқа онлайн қол жеткізуді қамтамасыз ету және инженерлік — коммуникациялық желілерге қосу; жеке меншік балабақшаларды жан басына қаржыландыруға бөлінетін қаражатты арттыру; жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын Ақтөбе облысының сүт-тауар фермаларын дамытудың өңірлік бағдарламасын әзірлеу; асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларына 50 бастан бастап сүт-тауар фермалары үшін мал азығын дайындауды субсидиялауды көздейтін өзгерістер енгізу; ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін субсидиямен қамтуға және олардың тиімділігіне талдау жүргізу және т.б. өзекті мәселелер тіркелді.

«Барлық өңірде проблемалардың 90 пайызы жергілікті деңгейде шешіледі. Ақтөбедегі «Жол картасын» іске асыру үшін кәсіпкерлер палатасы мен облыс әкімдігі бірлесе жұмыс істеп, аймақ бизнесінің дамуына айтарлықтай серпін беретініне сенімдімін. Ақтөбе облысының кәсіпкерлер Палатасының шекаралық ынтымақтастықты дамытудағы белсенді жұмысын ерекше атап өткім келеді», - деді ҚР бизнес-омбудсмені Болат Палымбетов.

Өзгелердің жаңалығы