Көпбалалы ана алты бөлмелі үйге ие болды

8 Наурыз 2020, 09:37
2141
Бөлісу:
Көпбалалы ана алты бөлмелі үйге ие болды
Фото: автордан

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбылдық жалғызбасты ана Наташа Савчук бес баласымен бірге жылдар бойы баспаналы болуды армандап келген болатын. Тұрғын үй азабын әбден тартқан бұл отбасы тоғыз жыл бойы әр үйді бір жалға алып, паналап жүрген.

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында жергілікті жеке кәсіпкер Тоқан Біләлиев Наташа Савчуктің отбасына тұрғылықты жері – Сарысу ауданына қарасты Байқадам ауылынан 10 сотық ауласы бар 6 бөлмелі үй алып берді.

Қуаныштан көзімізге жас алып отырмыз бала-шағамызбен. Қайырымды жандар жер бетінде аз емес екен. Қандай керемет, есігіміздің алдында сарайымыз да бар, қора-жайымыз да жоқ емес, ала жаздай көк-сөк отырғызатын бақшасы да кең. Тоқанның жомарттығы туралы бұрыннан білетін едік. Жеке кәсібін дөңгелетіп жүрген атымтай жомарт азамат осындағы көптеген тұрғындарды да тұрақты жұмыспен қамтып отыр, - деген Наташа кәсіпкерге шексіз ризашылығын да жеткізді.
Бұл үйдің бұрынғы иесі Тараз қаласына көшіп кетіпті. Осындай кең шаңырақты 2 миллион теңгеге сатып алдым. Содан соң құжаттарын жалғыз басты ананың атына рәсімдеп бергенді жөн көрдім. Мереке қарсаңында қамкөңіл отбасын қуантқаныма менің де жаным жай тапқанын несін жасырайын, - деді жеке кәсіпкер Т.Біләлиев.

Айта кетейік, осыған дейін де көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша көмек қолын созып, жәрдемдесіп жүрген бұл азамат былтыр да осындай үлкен баспананы мұқтаж отбасына сыйға тартып, қуантқан болатын.

Басыбайлы баспанаға ие болған көпбалалы отбасының бір ұлы Иса ұлты украйн ұлты болса да өзге тілді білмейтінін айтады.

Менің елім – қазақ, жерім – Қазақстан. Сондықтан да өзімді қазақпын деп айтамын. Менің достарымның барлығы – қазақтар, - деген Иса еліміздің мемлекеттік Әнұранын шырқап берді.

Ал, қызы Алена Савчук дәстүрлі "Абай оқулары" байқауының жеңімпазы.

Өзгелердің жаңалығы