Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылордалық полицейлер есірткі заттарын тасымалдаған Байқоңыр тұрғынын ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.
13 маусым күні Қызылорда облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының патрульдік полиция ротасының қызметкерлері "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" республикалық тас жолының 1324 шақырымында шетелдік мемлекеттік белгісі бар автокөлік тоқтатып, тексерді.
Автокөлік ішінде жүргізуші және жолаушы болды. Автокөлікті тексеру кезінде артқы орындықта жолаушының сөмкесінен полиэтилен пакетте скочпен оралған есірткі затына ұқсас жасыл түсті, өзіне тән ерекше иісі бар шөп ұнтақтары анықталған. Сараптама қорытындысы бойынша ерекше иісі бар заттар жалпы салмағы 415,85 гр. “кептірілген марихуана” есірткі заты екендігі анықталды, - делінген ақпаратта.
Бүгінгі күні күдікті Арал ауданы Полиция бөлімінің уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынып, оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 3-бөлігінің 3-тармағымен (ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталады.