Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қала басшысы үлестік құрылыс нысандарын аралады. Кешкі аралау уақытында бірінші боп барған жері – «Жеті жол» КТК болды. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайтында хабарланды.
Аталған үйдің құрылысы 2013 жылы басталған, 2015 жылы нысан проблемалы деп танылған. Үлескерлердің саны – 600 адамға жуық. Алтай Көлгінов құрылыс қарқыны көрінбейтінін атап өтті.
«3 апта бұрын кездестік. Құрылыс баяу жүріп жатыр. Маған жұмыс қарқыны ұнамайды. Бастағаннан кейін аяқтау керек. Егер сіз де осындай ұстанымды ұстансаңыз, сіздің алдыңғы құрылыс салушыдан еш айырмашылығыңыз болмайды ғой. Біз сізге жобалау жұмыстары бойынша көмектесіп, барлық мәселелерді зерделеп отырмыз. Тездету керек, құрылыс маусымы аяқталып қалды», - деді қала әкімі.
Қайта аралаған екінші объект – ЖК «Комфорт» ТК болды. Бұл нысан 2015 жылы проблемалы боп танылған. Үлескерлердің саны – 227 адам. Құрылыс салушы аталған нысанда жұмыс жүргізіліп жатқанын, жұмысшылардың екінші ауысымы туралы мәселе қаралып жатқанын атап өтті. Қазіргі кезде олар инженерлік желілер жобасын күтуде.
«Бұл қарқынды тоқтатпаңыз. Қысқа мерзімде нәтиже көрсеттіңіз, жұмыс жүргізілгені байқалады. Инженерлік желілердің жобасын алғаннан кейін, абаттандыру мәселелері бойынша жұмысты бастау керек», - деп атап өтті А.Көлгінов.