Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда әкімі Алтай Көлгінов қаланың коммуналдық қызметінің түнгі ауысымдағы қар тазалау жұмысын тағы да тексерді. Бұл туралы қала басшысы Instagram желісінде жазды.
Жұмыс уақыты аяқталған соң әріптестеріммен бірге бірнеше сағат бойы қала көшелері мен шеткері ауылдардағы қардан тазарту жұмыстарды қарап қайттық. Табиғат тосын мінез көрсетіп коммуналдық қызмет жұмысшылары күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті. Бүгін түнгі ауысымда 1 126 техника мен 200-ге жуық жұмысшы қардан тазартып жүр. Осы уақытқа дейін барлығы 2 196 509 текше метр қар шығарылды. 183 042 рейс жасалған, – деп жазды Алтай Көлгінов Instagram желісінде.
Оның сөзінше, шеткері аумақтарды қардан тазартуға дәл қазір қосымша техника қажет.
Бұл мақсатта құрылыс және жол компанияларының қосымша техникалары жұмысқа тартылады. Жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей, табиғи құбылыстың салдарын бірге еңсереміз, – деді ол.