Көкшетаулық студенттер Түркияда тәжірибеден өтеді

1 Мамыр 2019, 14:19
1854
Бөлісу:
Көкшетаулық студенттер Түркияда тәжірибеден өтеді

Ақмола облысы, Baq.kz тілшісі. Көкшетаулық 48 студент жарты жыл бойы Алания, Сиде мен Бодрумның бес жұлдызды қонақ үйлерінде жұмыс істеп, тәжірибе жинақтайтын болады.

Түркияның «Anatolian Consulting Antalyа” консалтингтік компаниясының бас директоры Махмут Экиджимен келісім шартты облыстық туризм басқармасы мен Сервис және туризм Академиясы қаңтар айында жасапты. Бос орындарға таңдап алынған 40 студент Щучьедегі Жоғары техникалық колледжден, ал 8 студент Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінен.

Сервис және туризм Академиясының бас директоры Регина Закирова қазақстандық туризмдегі сервистің әлі де кенже қалып жатқанын алға тартты.

«Өкінішке орай, біздегі қонақүй сервисі дұрыс ұйымдастырылмай келеді. Сондықтан әлемдік деңгейде ойып тұрып өзінің орнын алған түріктік тәжірибенің бізге берері көп болмақ. Жастар ол жақтан үйреніп келгенін біздің өңірдегі қонақ үйлерге ендіретін болса, туризм дами түседі. Алдағы уақытта үздік деген жергілікті отельдерде тегін шеберлік сабақтарын да өткізу жоспарда бар», - дейді Регина Закирова.

Студенттер жарты жыл бойы «Q Premium Otel» (Алания),   «Hane Group Hotel» (Сиде), «Raumar Resort Hotel Alanya», Samara Hotel (Бодрум) қонақ үйлерінде жұмыс істеп, тәжірибе жинақтайтын болады. Басты мақсат, біздің өлкеде туризмді дамыту, соның ішінде демалушылар көп келетін Бурабайда қонақ күтудің озық үлгілерінен қажеттісін алу.

Жастарға ақ жол тілеген облыс әкімінің орынбасары Марат Иғалиев аспирантурада оқып жүрген кезде өзі де екі жыл официант болып жұмыс істегенін және осының бәрі алдағы қызметіне көмегі тигенін атап өтті.

«Көкшетау қаласының Сервис академиясы, облыстық туризм, білім басқармаларының бірлескен жұмыстарының нәтижесінде туризм мамандығына оқып жатқан өңір студенттерінің Түркия, Чехия, Біріккен Араб Әмірліктері және басқа да шет мемлекеттерде тәжірибеден өтуге мүмкіндік алып отырғаны қуантады. Жаңа жоба үлкен табыс әкелеріне сенім мол. Әрине, жетістікке жету үшін ерінбей еңбектену керек. Сервис мәдениетінің нюанстарын жетік меңгеруге талпынған дұрыс. Үздіктермен теңессең, табысқа жетуге мүмкіндік мол. Ағылшын тілін жетік меңгеру де артықтық етпейді. Сондай-ақ тәжірибеден өтетін студенттер әлеуметтік желіде бейнекүнделік жүргізіп отырса қызықтырақ болады»,- дейді Марат Иғалиев.

Бір атап өтерлігі, келісімшарт талаптары бойынша Түркия тарапы транспорт шығынын, тұру, тағылымдама кезеңінде төленетін жалақыны өз мойындарына алып отыр.

Жастар орыс тілді болғандықтан, алдағы уақытта ағылшын тілін дамыту қажеттігі де айтылды. Студенттермен бірге психологтар мен заңгерлер де барады деп жоспарланған. Сондықтан әр жастың тәртібі де үнемі бақылауда болады. Себебі, түрік тарапынан келісім-шартта осы жағына басымдық берілген. Ал, жастарға ақ жол тілеген оқытушылары мен ұйымдастырушылар алған тәжірибелерін елге оралғасын жүзеге асыруға шақырды.

Өзгелердің жаңалығы