Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. 2019 жылдың 4 ақпанынан басталған «Жақсылық жаса!» акциясы аясында көкшетаулық кәсіпкерлер тұрмысы нашар отбасыларға 3,5 миллион теңгенің материалдық көмегін көрсетті.
Өткен жылы Көкшетау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен көпбалалы 96 отбасына 17,5 миллион теңгенің атаулы әлеуметтік көмегі көрсетілген.
«Келісілген және шартсыз қаржылық көмек те бар. Шартсыз қаржылай көмек жұмыс істеуге қауқарсыз ата-аналарға бір тоқсанға белгіленіп, ай сайын бір адамға 14489 теңге төленеді. Келісілген қаржылай көмек жұмыс істеуге ынталы адамдарға беріледі. Ол алты айға белгіленіп, ай сайын бір адамға 14489 теңге төленеді. Бұл екі көмек те белгілі бір мерзімге рәсімделіп, сол уақытқа ғана төленеді», - дейді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жетекшісі Қали Ахметов.
Халықаралық әйелдер күніне орай «Алтын алқа», «Күміс алқа» алған 1024 көпбалалы аналарға жергілікті бюджеттен 10,2 миллион теңге бөлінген.
«Бұл санаттағылар қаладағы қоғамдық көлікте тегін жүру құқығына ие. Тұрғын үй көмегі 10 көпбалалы отбасына рәсімделіп, 49 адам 430 мың теңгенің қолдауына, 57 отбасы 3,1 миллион теңгенің материалдық көмегіне ие болды. 2017 жылы 5 көпбалалы отбасына пәтер берілді. Республикалық бюджеттен қаржы бөлінсе, бұл категориядағы отбастарына үй салудың жобалық-сметалық құжаты дайын тұр. Бір атап өтерлігі, қайырымдылық шараларына жергілікті меценаттар да үлес қосуда», - дейді Қали Ахметов.
Сондай-ақ, ол «Жақсылық жаса!» акциясы шеңберінде кәсіпкерлер жағдайы төмен 40 отбасына 3,5 миллион теңгеден астам қаржылай көмек көрсеткенін атап өтті. Ағынсу шайып, баспанасы жарамсыз болып қалған көпбалалы Бетхольдтар отбасына қалалық мәслихат депутаты Мәди Елубаев өз есебінен баспана тұрғызуға көмек берді.
Қала мектептерінде көпбалалы отбастарынан шыққан 1 381 бала оқып жүр. Оның 1203-і жалпыға міндетті оқу қорымен қамтылған. «Мектепке жол» акциясы бойынша былтыр 2,8 миллион теңгеге демеушілік көмек көрсетілді.
«Өткен жылы осы қордан 47,8 миллион теңге бөлінді, оның 16,9 миллион теңгесі тамаққа, 1,9 миллион теңгесі киім-кешекке жұмсалды. Жазғы лагерьлерге жолдамаға 693,7 мың теңге, мәдени-көпшілік шараларға қатысуға 1,0 миллион теңге қарастырылды», - дейді қалалық білім бөлімінің жетекшісі Бейбіт Жүсіпов.
Көкшетаудағы Науан Хазірет мешіті «Зекет» қорымен бірлесіп, «Ел үлесі пәтерге» қайырымдылық жобасын іске қосты. Соның арқасында үш көпбалалы отбасы баспаналы болды. Мешіт тарапынан 998 отбасына 9 тонна ет, 350 балаға мектеп қоржыны, тұрмысы төмен 1855 отбасына азық-түлік, 15 отбасына көмір мен отын жеткізіліп, 164 отбасына қаржылай көмек берілді.