Көкшетауда қоғамдық кеңес өкілдері Жолдауды талқылады

9 Қыркүйек 2020, 13:05
1634
Бөлісу:
Көкшетауда қоғамдық кеңес өкілдері Жолдауды талқылады

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетау қаласының қоғамдық кеңес өкілдері Президент Жолдауын талқылап, жаңа бастамаларға қолдау білдірді. Кеңес мүшесі, «Көкше-Media» ЖШС директоры Жалғасбек Сүлейменов бұл жолғы Жолдаудың өте ауқымды және күрделі болуы қоғамда қордаланып қалған мәселелердің де көптігін аңғартатынын айтады.

Сол күрделі мәселелердің әрқайсысы терең пайымдалған, ол түйіндерді қалай шешудің жолдары көрсетілген. Кемшіліктер ашық айтылған, сыналған. Осы кемшіліктерді түбегейлі өзгерту үшін тиіп-қашты жұмыс емес, тың реформалар жүзеге асырылатыны белгілі болып отыр. Демек, біздің қоғамды үлкен өзгерістер күтіп тұр. Бұл бастамалар халықтың қолдауымен ғана нәтиже бермек, - дейді ол.
Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиевтің пайымынша, Президенттің жаңа жұмыс орындарын ашып, табыс көзіне айналар көлік-логистика кешенін дамыту, цифрландыру жөніндегі тапсырмалары көпшілік қолдауына ие болып отыр.
Сондай-ақ ол Жолдаудағы ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі мәселелерге қатысты пікірін білдірді.
Бөлінген қаражат ауыл тұрғындарына жетпейді. Ауылдан жұрт үй-күйлерін тастап, қалаға көшіп келіп, сосын қиналып жүреді. Егер олардың өндірген ет-сүті, тағы басқа тауарлары жоғары бағамен сатып алынатын болса, олар ауылда отыра берер еді, - дейді ол.
Өмірін медицинаға арнаған Серік Кәкпеновтың айтуынша, дәрігерлерге көрсетілетін қаржылық қолдаудың артуы, тұрғындарды баспанамен қамту сияқты нақты қамқорлықтар қоғам белсенділерінің қолдауына ие болып отыр.

Қалалық Полиция депертаменті басшысының бірінші орынбасары Жанат Шәріпов Жолдау көтерген мәселелерді күнделікті жұмыс жағдайларымен байланыстырды.

Ішкі істер министрлігі құрылымын қайта қарап, оны саладан алшақ міндеттерден арылту керек. Бұл маңызды ведомство жұмысының тиімділігін арттырады, - дейді ол.


Өзгелердің жаңалығы