Көкшетауда карантиндік шаралар жеңілдетілді

30 Сәуір 2020, 09:17
1581
Бөлісу:
Көкшетауда карантиндік шаралар жеңілдетілді

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетаулықтарға саяжай учаскелеріне баруға рұқсат берілді. Бұл облыстық бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысында жария етілген басты жаңалықтардың бірі. Бұл туралы облыстық тауар сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің жетекшісі Айнагүл Мусина айтып берді.

Тілші: Өңірде карантин жарияланғалы көптеген ұйым-мекемелер, дүкендер, сауда үйлері, қоғамдық көліктер жұмысын тоқтатқаны белгілі. Мұндай шектеулер не үшін жасалды?

– Коронавирус инфекциясы тарала бастағанда қазақстандық дәрігерлер басқа елдердің тәжірибесін негізге ала отырып, індетпен күресудің әдістерін жан-жақты зерттеді. Карантиндік шараларды күшейту арқылы ғана инфекцияның таралуын тоқтатуға болатынын түсіндік. Қытайда барлық сауда үйлері, тамақтану орындары, қоғамдық көліктердің жұмысы тоқтатылып, адамдардың үйден шығуына шектеу қойылғанда инфекцияның таралымы азайып, кейін жойылғаны белгілі. Ал Италияда карантиндік шаралар кеш қолға алынды. Уақытында бақылаудың жасалмауы қайғылы жағдайға әкеп соқтырды. Бір ғана мысал келтірейін. Көкшетауда бір жағдай тіркелді. Облыстық аурухананың қызметкері індет жұқтырды. Науқаспен байланыста болған туғандары мен әріптестерінен бөлек 50 жүргізуші мен №1 автобусының кондукторлары тізімге енді. Санитарлық талап бойынша жеті күн ішінде контактіде болғандардың барлығы карантинге жатқызылуы тиіс. Автобустарда ара қашықтықтың сақталмайтыны белгілі. Ал бір науқастан қаншама адам індет жұқтыруы мүмкін екенін есептей беріңіз. Қоғамдық көлік тоқтағалы адамдардың жүруі саябырлады.

Тілші: Науқаспен байланыста болғандар қалай анықталады?

– Ол үшін арнайы эпидемиологиялық тергеу жүргізіледі. Дәрігер-эпидемиологтардың міндеті – полиция департаментімен бірлесіп 12 сағат ішінде науқаспен байланыста болғандарды анықтап, бір тәулік ішінде оқшаулау. Осы ретте Аршалы, Ақкөл аудандары мен облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері мен теміржол ауруханасының медицина қызметкерлеріне табандылықтары үшін шексіз алғыс білдіргім келеді. Олар Целиноград ауданындағы әлеуметтік орталық пациенттері – І топ мүгедектері, арбаға таңылған жандарға ерекше күтім жасады.

Тілші: Қазір өңірдегі эпидемиологиялық ахуал қандай деңгейде?

– Елімізде ТЖ 11 мамырға дейін ұзартылғаны белгілі. Өңірде эпидемиологиялық жағдай біршама тұрақталды. Жаппай тестілеу нәтижесінде жаңа жағдайлар анықталуда. Тәуекел тобындағылар – стационарға түскендер, жүкті әйелдер, КВИ-мен күреске жұмылдырылғандардың барлығы скринингтен өтуде. 7 мыңға жуық адамды тестілеу кезінде бірнеше жаңа жағдайар тіркелді. Барлығы Целиноград ауданының тұрғындары. Облыста вирус жұқтырғандар саны – 95. Жағдайдың тұрақталуы, карантин шараларын біршама жеңілдетуге мүмкіндік беріп отыр.

Тілші: Жаңа қаулыға сәйкес карантиндік шаралар қаншалықты жеңілдетілді?

– Балаларға өздері тұратын мекен жай маңында серуендеуге рұқсат берілді. Бірақ кәмелет жасына толмағандар ата-аналарымен бірге жүруі тиіс. Бұған дейін 65 жастан асқандарға үйден шығуға тыйым салынса, енді олардың көшеге шығуын шектеуді ұсынып отырмыз.

Тілші: Өңірде қандай ұйымдар жұмыстарын жалғастырады?

– Екінші деңгейлі банктер, шаштараздар мен сұлулық салондары, "Қазпошта" бөлімшелері ашылады. Сондай-ақ химиялық тазарту, кір жуу орындары, құрылыс дүкендері, ТҚС, автожуу, нотариалдық кеңселер жұмыстарын жалғастырады. Әрине, олардың барлығы санитарлық талаптарды сақтап, келушілерден ара қашықтық сақтауды және бетперде талап етуі тиіс.

Тілші: Көпшілік жеке автокөлікпен жүруге шектеу қойылғанына наразылық білдіруде...

– Адамдар аса қажет жағдайда ғана көшеге шыға алады. Шектеу болғанына қарамастан көп адамдар алаңсыз жүре береді. Жеке көлігі барлар өте көп, олардың барлығын бақылау мүмкін емес. Бақылаудың күшейтілуімен қалада көлік ағыны азайды. Жедел жәрдем көліктері сияқты таксилер шұғыл қызмет көрсетуші ретінде жұмыс атқаруда. Алайда көлік салоны дезинфекцияланып, жүргізушіден бетперде кию талап етіледі.

Тілші: Қаланың шеткі аумақтарында тұратындарға жұмысқа таксимен келіп-кету қалтаға салмақ түсірмей ме?

– Жұмыс берушілер өз қызметкерлерінің жұмысқа келіп-кетуін ұйымдастыруды өз мойындарына алды. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жеке автокөліктерімен жүруге рұқсат алу үшін аймақтық шұғыл штабқа өтініш береді. Әрине, көлік аз болған сайын контактілер де неғұрлым аз болады.

Тілші: Қала тұрғындары, әсіресе зейнеткерлер үшін бау-бақша өсіру – қосымша табыс көзі. Саяжайларға автобустар қашан қатынайды?

– 1 мамырдан бастап саяжайларға автобустар қатынайды және орталықтандырылған су мен жарық беріле бастайды. Автобустар таңғы сағат 6-дан кешкі 8-ге дейін жүреді. Әзірге қала ішінде қоғамдық көліктерге және жеке көлікпен жүруге де рұқсат жоқ. Эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанда ғана карантин талаптары жеңілдетіледі.

Өзгелердің жаңалығы