Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Алматыда өткен голливуд жұлдызының концертінде кәмелетке толмағандардың волонтерлік қызметі кезінде еңбек құқықтарының бұзылғанына қатысты мәселені тексеріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл мәселені жергілікті атқарушы орган және Алматы қаласының прокуратурасы бірлесіп зерттеп жатыр. Қазіргі таңда балалардың қатысуымен болған іс-шарадағы еңбек жағдайларына құқықтық баға беріліп, заң талаптарының сақталу-сақталмауы анықталуда.
Комитет өкілдері еңбек заңнамасының талаптарын еске салды:
– 14-16 жас аралығындағы жасөспірімдер аптасына 24 сағаттан, ал 16-18 жастағылар 36 сағаттан артық жұмыс істемеуі тиіс;
– Еңбекке тарту үшін міндетті түрде ата-ананың немесе заңды өкілдің жазбаша келісімі қажет;
– Жасөспірімдерді түнгі уақытта (сағат 22:00–06:00), артық жұмыс уақытымен, вахталық әдіспен немесе қоса атқару арқылы жұмысқа тартуға тыйым салынған.
Комитет кез келген заңбұзушылық туралы хабарлау маңызды екенін атап өтті. Мұндай жағдайлар анықталған жағдайда еңбек инспекциясына, Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне немесе 111 – Балалар сенім телефонына қоңырау шалуға болады.
Бұған дейін Қазақстанды әлемге танытқан JLo мен шегіртке қанша пайда әкелгені туралы жаздық.