Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Эпицентр Тынық мұхитындағы Хатидзедзима аралының жағалауында тіркелген.
3 қазан күні Жапонияның шығыс жағалауында 6,0 балдық жер сілкінісі болды. Бұл туралы елдің ұлттық метеорологиялық басқармасы хабарлады. Жерасты дүмпулері Жапонияның шығысындағы бірқатар префектурада, соның ішінде ел астанасы Токиода да сезілген.
Сейсмологтардың айтуынша, эпицентр Тынық мұхитындағы Хатидзедзима аралының жағалауында болған. Жер сілкінісінің ошағы мұхит түбінде шамамен 70 км тереңдікте жатыр.
Зардап шеккендер немесе қирандылар туралы хабарлама әлі түскен жоқ. Цунами қаупі де жарияланбаған.
Айта кетейік, маусым айында да елдің Амами аралының солтүстік-батыс жағалауында орналасқан Кагосима префектурасында магнитудасы 6,3 балдық жер сілкінісі болған еді. Кагосима префектурасының жекелеген аудандарында жер сілкінісінің ең жоғары күші жапон сейсмикалық қарқындылық шкаласы бойынша 4 балды құраған.