2023 жылғы 7 қазаннан бері Израиль армиясының Газа секторына жасаған шабуылдары салдарынан қаза тапқан палестиндіктердің саны 62 622-ге жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Anadolu агенттігінің мәліметіне сүйенсек, тек соңғы тәуліктің өзінде ғана Израиль әуе соққыларының құрбаны болғандар саны – 61 адам. Бұл туралы Газа секторындағы Палестина Денсаулық сақтау министрлігі таратқан соңғы мәліметте айтылды.
Хабарламаға сәйкес, соңғы 24 сағат ішінде Газа ауруханаларына 61 адамның мәйіті мен 308 жаралы жеткізілген.
Сонымен қатар 18 наурыздан бері, яғни 19 қаңтарда күшіне енген бітім келісімін Израильдің бұзғанынан кейінгі кезеңде, қаза тапқандардың жалпы саны 10 778 адамға, жараланғандар 45 632-ге жеткен.
Бұдан бөлек, биылғы 27 мамырдан бері Израиль мен АҚШ-тың бақылауымен құрылған гуманитарлық көмек тарату бекеттерінде жүйелі түрде жасалған шабуылдар салдарынан 2076 палестиндік қаза тауып, 15 308 адам жараланғаны айтылды.
Соңғы тәулікте ғана 16 палестиндік көз жұмып, 111 адам жарақат алған. Олар көмек алуға тырысқан сәтте оққа ұшқан.
Жалпы алғанда, Израильдің Газа секторына қарсы әскери қимылдарының басталғанынан бергі (2023 жылғы 7 қазаннан) уақыт ішінде 62 622 палестиндік қаза тауып, 157 673 адам жараланған.
Айта кетейік, Газа секторындағы қираған ғимараттар астында әлі де мыңдаған адамның мәйіті қалып қойған.