Израильде АЛЖИР тұтқындарын еске алды

6 Қараша 2019, 21:45
1543
Бөлісу:
Израильде АЛЖИР тұтқындарын еске алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тель-Авивте Израильдегі Қазақстан елшісі Сатыбалды Бұршақов тоталитаризм құрбандарын еске алуға арналған "Жаппай террор жылдарындағы кеңестік еврейлердің тағдыры: "АЛЖИР" атты іс-шараға қатысты. 

Бұл іс-шара Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының "АЛЖИР" мемориалды-мұражай кешені мен "Бейт ха тфуцот" еврей халқы мұражайымен бірлесіп ұйымдастырылды.

Арнайы презентацияға бұрынғы Ақмола лагерінде  тұтқында болған  әйелдердің ұрпақтары шақырылып, олар әділетсіз жазасын өтеген өз отбасы мүшелері туралы қайғылы оқиғаларды айтып берді. Лагер аумағында 62 ұлтты құрайтын 18 мың әйел, соның ішінде 852 еврей ұлтының өкілдері болғаны белгілі.

Репрессияға  ұшыраған Рита Алмазованың қызы Израиль азаматшасы Елена Алмазова  қазақ дипломаттарына  Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаевқа "АЛЖИР" мемориалды кешенін құру бойынша бастамасы үшін қазіргі ұрпақтардың атынан шексіз алғысын жеткізуді сұрады.  

Өз сөзінде Қазақстан елшісі қазақ және еврей халықтарының өткен ортақ өмірімен байланысты тарихи естелікті сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

"АЛЖИР" мемориалды-мұражай кешенінің қызметкерлері Сая Майлибаева және Анар Хасенова осы мемориалдың дамуы мен қызметі туралы айтып берді. 

Сонымен қатар, "АЛЖИР-дің сұрапыл суығы" атты деректі фильм көрсетіліп, "Ұрпақтар ұмытпайды",  "Бақытты балалық шақ" кітаптары таныстырылды.

Шараға қатысушылар репрессия құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.

Кездесу соңында қуғын-сүргін ұрпақтары "АЛЖИРдің" мұражайлық қорына тұтқында болған әйелдердің жеке заттары мен тарихи мәліметтер табыс етті.

"АЛЖИР" және "Бейт ха тфуцот" еврей диаспорасының мұражайлары арасындағы байланысты одан әрі нығайту мақсатында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Өзгелердің жаңалығы