Израиль Тегеран орталығына соққы жасады: Иран жауап ретінде зымыран атқылады

Cоғыс басталғалы ел астанасына алғашқы соққы жасалды.

 Getty Images Бүгiн 2026, 14:40
Бүгiн 2026, 14:40
122
Фото: Getty Images

Израиль әскері жексенбі күні Иранға қарсы жаңа әуе шабуылдарын бастап, Тегерандағы үкіметтік нысандарды нысанаға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әскер өкілдерінің мәлімдеуінше, бұл – соғыс басталғалы бері астана орталығына жасалған алғашқы соққы.

skynewsarabia.com таратқан ақпаратқа сәйкес, Израиль армиясы таратқан бейнежазбада қуатты жарылыстардан кейін екі ғимараттың қирағаны көрсетілген. Әскери мәліметке сәйкес, соққылар «режим нысандарына» бағытталған.

Израиль армиясының ресми өкілі соңғы 24 сағат ішінде әскери-әуе күштері әуеде үстемдік орнату және Тегеранға жол ашу мақсатында қарқынды операциялар жүргізгенін айтты. Сонымен қатар, Channel 12 телеарнасы Израиль әскери-әуе күштері Иранның Ішкі қауіпсіздік министрлігіне қарасты нысандарға да соққы бергенін хабарлады.

Сенбі күні Израиль мен АҚШ Иранға қарсы ауқымды шабуыл бастаған еді. Соның салдарынан Иранның Жоғарғы көшбасшысы Али Хаменеи және бірқатар жоғары лауазымды әскери және қауіпсіздік қызметкерлері қаза тапқаны мәлімделді.

Өз кезегінде Иран Израиль аумағына зымырандық соққылар жасады. Сенбіге қараған түні Тель-Авивте бір әйел қаза тауып, бірнеше адам жарақат алғаны хабарланды.

Жексенбі күні Израиль әскері шамамен 20 мың резервтегі сарбазды жұмылдырғанын жариялады. Олар азаматтық халыққа көмек көрсету және қауіпсіздік шараларын күшейту үшін тартылған.

Қазіргі уақытта тараптардың ресми мәлімдемелері жалғасып жатыр. Аймақтағы жағдай шиеленісті күйінде қалып отыр.

Наверх