Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан елшісі Сатыбалды Бұршақов Израиль Ұлттық қауіпсіздік кеңесі басшысының Сыртқы саясат жөніндегі орынбасары Авивит Бар-Иланмен кездесті.
Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында Елші Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Израиль Премьер-министрі Нафтали Беннеттке ү.ж. қазан айында Нұр-Сұлтанда өтетін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) Саммитіне қатысуға ресми шақыруын табыс етті.
С.Бұршақов Израиль дипломатына Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында жариялаған саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалары туралы айтып берді.
Әлемдегі қазіргі геосаяси жағдай бойынша жан-жақты пікір алмасу өтті.
А.Бар-Илан елшіге Израильдің Қазақстан төрағалығымен АӨСШК қызметіне белсенді түрде қатысуын жалғастыратынына сендірді.