Израиль кезекті рет саяси дағдарысты бастан кешіп отыр

24 Желтоқсан 2020, 06:43
1390
Бөлісу:
Израиль кезекті рет саяси дағдарысты бастан кешіп отыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жергілікті парламент депутаттары бюджет жөнінде ортақ пікірге келе алмады. Салдарынан Кнессет таратылып, үкімет отставкаға кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Парламенттік сайлаудың мерзімі бекітілді. Депутаттар ымыраға келе алмай, үкіметті сақтап қалудың соңғы мүмкіндігін жіберіп алды. Осылайша Израиль парламенті өзін тарату жөнінде шешім қабылдады. Енді елде кезекті сайлау өтеді.

Кнессеттің 23-шақырылымы таратылғанын жариялаймын. Күрделі сайлау науқаны басталайын деп тұр. Жағдайды ушықтырмай, күш көрсетпей, бұл науқанды тиісті түрде өткізуге шақырамын, - дейді Кнессет спикері Ярив Левин.

Әдеттегідей бар мәселе науқанды ақшаға тірелді. Нақты айтқанда бюджетке. Бір жыл бойы ел басты қаржылық құжатсыз өмір сүрді. Депутаттар бір айдан аса дауласты. Нәтижесінде келесі жылға да жоспар бекітілген жоқ.

Бұл менің шешімім емес. Мен сайлауға қарсымын, бірақ саяси қарсыластарым оны өткізу үшін бар күшін салды. Алайда бұл демократия. Сайлауға барып, жеңіске жетеміз. Бени Ганц арамыздағы барлық келесімді бұзды. Бұған ол жауапты, - дейді Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху. 

Бени Ганц басқаратын Кахоль Лаван партиясы соңғы сайлауда екінші орын алып, үкімет құрамына кірген болатын. Коалиция құру үшін Биньямин Нетаньяхумен премьер-министр қызметін кезекпен атқаруға келіскен. Кнессеттің 23-шақырылымын құру үшін үш мәрте сайлау өткізілді. Бұған қыруар қаржы жұмсалып, ақыры ол да нәтиже берген жоқ. Осылайша әрең сайланған парламент бюджетті бекіте алмады. Келесі сайлау енді 2021 жылдың 23 наурызына белгіленді.

Өзгелердің жаңалығы