Ізі суымай ашылған қылмыс

28 Шілде 2022, 23:13
1649
Бөлісу:
Ізі суымай ашылған қылмыс

Қостанай, BAQ.KZ тілшісі. Қостанай қаласындағы қоғамдық орындардың қауіпсіздігін қадағалап жүрген Ұлттық ұланның 6697 әскери бөлімінің сарбаздары велосипед ұрлығының ізін суытпай ашты.

Оқиға кешкі сағат 20:00 шамасында болыпты. Атап айтар болсақ, 1990 жылы туған қала тұрғыны Байтұрсынов көшесі 108 үйдің подьезінен мініп жүрген велосипедін бөтен біреудің ұрлап кеткені жайында сарбаздарға жолығып, шағым түсіреді. Аталмыш дерек бойынша жауынгерлер ұрының ізіне түседі. Нәтижесінде оңай олжаны көздеп өзгенің мүлкіне қол сұққан 1988 жыл туған күдікті азамат ұсталып, полиция қызметкерлеріне тапсырылды.

Біз әдеттегідей кешкі сағат 20.00 шамаларында қоғамдық тәртіпті бақылап жүргенбіз. Бізге бір әйел келіп, бейтаныс адамның велосипедін ұрлағаны жайлы баяндап берді. Осылайша тез арада шешім қабылдауға тура келді. Ұрының алыстан келмегенін сездік. Сондықтан күдікті ұрлап кеткен велосипедтің белгілері туралы ақпаратты толықтай анықтап, іздеуге шықтық. Нәтижесінде осы тұрғын үйден көп ұзамай қолды болған мүлікті таптық, – дейді әскери жасақ бастығы ефрейтор Абылайхан Мейрбек.

Осылайша жас сарбаздардың қырағылығының арқасында кезекті бір ұрлық ізі суымай ашылды. Қазіргі таңда аталған әрекет бойынша күдіктіге қатысты Қостанай полиция басқармасында қылмыстық кодексінің 188 бабы 1 тармағына сай (ұрлық) тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы