Елордада IX қысқы Азия ойындарына қатысатын Қазақстан құрамасын салтанатты шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Іс-шара барысында Азия ойындарының ашылу рәсімінде Ту ұстайтын спортшыларға Қазақстан Республикасының Туы салтанатты түрде тапсырылды. Харбиндегі ойындардың ашылу салтанатында еліміздің байрағын хоккейден спорт шебері Әділ Бекетаев пен шорт-тректен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ольга Тихонова алып шығады. Өз кезегінде Әділ Бекетаев Ту ұстаушы ретінде көпшіліктің алдына шығып, салтанатты түрде ант берді.
Қазақстан құрамасынан ойындарға 137 спортшы қатысады. Олар 6 спорт түрінен 10 дисциплинада (конькимен жүгіру спорты, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, биатлон, керлинг, шаңғы жарыстары, тау шаңғысы, фристайл, ски-альпинизм және шайбалы хоккей) өнер көрсетеді. Ұлттық команда 51 медаль жиынтығына таласады. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов спортшыларға сәттілік тілеп, байрақты бәсекенің маңыздылығына тоқталды.
IX қысқы Азия ойындарының басталуына санаулы күндер қалды. Қазақстан ұлттық құрамасы қысқы Азия ойындарына толық дайын. Оған қажетті барлық жағдай жасалды. Ойындарға сапалы дайындалу үшін ұлттық құрама 137 оқу-жаттығу жиынын өткізді. Спортшыларымыз 86 халықаралық жарыста өнер көрсетіп, 33 медаль жеңіп алды. Жалпы, елімізде қысқы спорт түрлерінде жеңістермен өрілген жақсы дәстүр бар. Бүгінде тек елімізге ғана емес, бүкіл әлемге танымал даңқты спортшыларымыз халықаралық қысқы жарыстарда өнер көрсетіп, үнемі жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр. Алдағы қысқы Азия ойындарына қатысатын барлық спортшыға сәттілік тілеймін. Қысқы Азия ойындары – еліміздің спорттық әлеуетін көрсетіп қана қоймай, әрбір спортшы үшін үлкен жетістіктерге жетуге талпыныс болатын маңызды кезең. Құраманың әр жеңісі – еліміз үшін үлкен қуаныш, - деді Ербол Мырзабосынов.
Байрақты бәсекеде шорт-трек спортынан сынға түсетін Әділ Ғалиахметов жүлде үшін барын салатынын айтты.
Дайындығымыз жақсы өтті. Енді қандай нәтиже болатынын алдағы ойыннан көреміз. 2017 жылы Азия ойындарына қатыстым. Ол менің бірінші халықаралық жарысым болды. Сол уақытта тәжірибем аз болды. Сонда да 8-10-орыннан көріндім. Енді тек алтын үшін барамыз. Негізгі қарсыластарымыз Қытай, Корея елдері. Әлемде де алдыңғы орында тұр, - деді Әділ Ғалиахметов.