Италияда су тасқыны салдарынан 9 адам қаза болды

18 Мамыр 2023, 13:40
741
Бөлісу:
Италияда су тасқыны салдарынан 9 адам қаза болды

Италияның солтүстігінде бірнеше өзен арнасынан тасып, тұтастай қалалар су астында қалды. Қалада қозғалыс шектелді. Пойыздар тоқтады. Табиғаттың тосын мінезінен 9 адам қаза болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«МИР 24» телеарнасының мәліметінше, бұл су тасқынын италиялықтар тарихи деп есептейді. Мыңдаған адам эвакуацияланды. Жүздеген адам жарықсыз, ұялы байланыссыз қалды. Адамдар құтқарылу үшін шатырға шығып жатыр. Көшелерді аралау үшін құтқарушылар амфибия көліктерді пайдаланады.

Елдің азаматтық қорғаныс департаменті ауа райы қауіптілігі деңгейінің соңғы "қызыл" көрсеткішіне өткенін жариялады. Италияның ең үлкен облыстарының бірі - Эмилия-Романия су астында қалды.

24 муниципалитет су астында қалды. Өкінішке қарай Эмилия-Романияның барлық өзені арнасынан шығып кетіп, тасқын су жан-жаққа тарады, - деді Италияның азаматтық қорғаныс министрі Нелло Музумечи.

Ұйымдастырушылар «Формула-1» Гран-приінің уақытын ауыстырды. Жарыс Имола қаласына жақын жерде өтуі керек болатын. Алайда қазір Энцо және Дино Феррари автодромында тек катердегі су жарысын өткізуге болады.

Өрт сөндірушілерден бөлек су тасқынының салдарын жоюға жүздеген ерікті ат салысты. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, елдің солтүстігінде жақын арада тағы да нөсер жауады деп күтілуде.

Өзгелердің жаңалығы