Италиядағы Орио-Аль-Серио әуежайында қайғылы оқиға орын алды: белгісіз ер адам жұмыс істеп тұрған ұшақ қозғалтқышына тартылып, көз жұмды. Бұл туралы BAQ.KZ Corriere della Sera басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Басылым дерегінше, шамамен 35 жас шамасындағы ер адам қауіпсіздік бекеттерін заңсыз айналып өтіп, әуежай аумағына жаяу кірген. Ол көлігін тастап, келу аймағы арқылы Volotea әуе компаниясының Airbus A319 ұшағына қарай беттеген. Әуе кемесі дәл сол сәтте ұшуға дайындалып жатқан. Ер адам белгісіз себеппен ұшақтың жұмыс істеп тұрған қозғалтқышына жақындап, салдарынан қозғалтқышқа тартылып, мерт болды.
Оқиға орнында болған 154 жолаушы мен алты экипаж мүшесінің ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Оларға арнайы психологиялық көмек көрсетілген. Кейінірек әуе компаниясы жолаушылар үшін балама рейс ұйымдастырды.
Әуежайды басқаратын Sacbo компаниясы оқиғаға байланысты жергілікті уақыт бойынша 10:20-дан 12:00-ге дейін рейстерді уақытша тоқтатты.
Бұл қайғылы жағдай бүкіл әуежай ұжымына ауыр тиді. Марқұмның отбасына көңіл айтамыз, - деді Sacbo президенті Джованни Санга.
Қазір оқиғаның нақты себептері мен ер адамның әуежай аумағына қалай кіргені анықталуда. Тергеу амалдары басталып кетті.