Италия үшін Қазақстанмен серіктестік орнату ұтымды шешім – сарапшы

20 Қаңтар 2024, 08:00
540
Бөлісу:
Италия үшін Қазақстанмен серіктестік орнату ұтымды шешім  – сарапшы
Фото: baq.kz

2024 жылдың басындағы Қазақстан Президентінің Италияға іс-сапары екі мемлекет арасындағы серіктестіктің жаңа қарқынмен жандануына жол ашты. Италия мемлекеті - Қазақстанның Қытай мен Ресейден кейінгі ең ірі сауда серіктесі. Елімізде шамамен 250-ден астам италияндық компаниялар жұмыс істейді. Италия елі мемлекетімізді инвестициялау бойынша алдыңғы қатардағы елдер тізімінде. Италия үшін Қазақстанмен серіктестік орнату ұтымды шешім екендігін айтады халықаралық қатынастар сарапшысы Риззат Тасым.

Қазақстанға Италиядан келген инвестиция көлемі соңғы 17жылдың ішінде $7,3 млрд-тан асты. Бұл екі ел арасындағы сауда-экономикалық әріптестіктің үлкен сенім негізінде екенін көрсетеді. 2023 жылғы бұл көрсеткіш $300 млн құрап, жыл сайын тұрақты түрде өсіп келеді.

Халықаралық қатынастар сарапшысы Риззат Тасымның айтуынша, Қазақстан мен Италия сауда-саттық, гуманитарлық, экономикалық салаларының даму айғағы ретінде Астана-Рим бағытының ашылуын айта аламыз.

Әлемдік экономикалық архитектура өзгеріс үстінде тұрған сәтте, Қазақстан мен Италия арасындағы байланыстар жақындай түсті. Екі мемлекетке ортақ салалар ретінде жасыл энергетиканы, жеңіл өнеркәсіпті, агробизнесті киім және тамақ өндірісін айтуға болады, - дейді сарапшы.

Сондай-ақ сарапшы Қазақстан-Италия қатынасының елеулі көрінісі — креативті индустрияны дамыту жолындағы қадамдар екенін атап өтті.

Екіжақты қарым қатынасқа тың серпін беретін тағы бір сала — ауылшаруашылық саласы. Осы ретте сарапшы Қазақстанның ауылшаруашылығына Италияндық өндірушілердің қызығушылық танытып отырғанын айтты.

Әсіресе, ұн , бидай өнімдерін қайта өңдеу бойынша Италияндық ірі компаниялары Қазақстанға келген жағдайда біздегі қайта өңдеу саласы италияндық технологияны игере, жаңа деңгейге шығары анық, - дейді.

Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов Италия Сыртқы істер министрі Антонио Таянимен кездесуінде Қазақстандық өнімнің Италияға экспортын 110 тауар позициясы бойынша $900 млн астам сомаға ұлғайтатынын мәлімдеген еді. Таяу арада екі ел арасындағы сауда айналымын $20 млрд-қа дейін арттыру мақсаты белгіленіп отыр.

Соңғы кездесулердің нәтижесі бойынша, экономикалық серіктестікті одан әрі дамыту мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілетіні күтілуде. Екі ел арасында ауыл шаруашылығы,мұнай-химия,ауыр өнеркәсіпті дамыту бойынша екіжақты келісімдер жасау жоспарға алынды. Қазақстандағы жасыл энергияны дамытуда Италия тәжірибесі зор септігін тигізетіні сөзсіз.

«Италия-Қазақстан» инвестициялық дөңгелек үстеліне Италияның ең ірі әлемдік дәрежедегі мүдделі 30 компаниясы қатысты. Осы орайда Мемлекет басшысы технологиялық революцияны және алдағы уақытта әлемдік сұраныстың бірнеше есе артуын болжай отырып, итальяндық бизнесті маңызды шикізатты өндіру және өңдеу саласындағы ынтымақтастыққа шақырғанын ерекше атап өткен дұрыс.

Жалпы екі елдің арасында ауыр өнеркәсіпті игеру бойынша келесідей келісімдер жасалды:

- Түркістан облысы Созақ ауданы Тайкоңыр ауылында қуаты жылына 800 мың тонна күкірт қышқылы зауытын салу жөніндегі жобаны іске асыру шарттары мен мерзімдерін айқындайтын "Самұрық-Қазына" АҚ мен Balestra арасындағы келісім;

- "Бәйтерек "ҰБХ" АҚ мен SACE арасындағы экономиканың басым салаларындағы инвестициялық жобалар бойынша итальяндық қатысумен мәмілелерді сақтандыру бойынша лимит белгілеу туралы негіздемелік келісім;

- "Самұрық-Энерго" АҚ мен Ansaldo Energia SpA арасындағы қуаттылығы 544 МВт дейінгі бу-газ қондырғысын салумен Алматы ЖЭО-3-ті қайта жаңартуды көздейтін ынтымақтастық туралы келісім;

- Қазақстандағы итальяндық кәсіпорындарды және Италиядағы қазақстандық кәсіпорындарды қолдауға, сондай-ақ Қазақстан мен Италия бизнесі арасындағы экономикалық және сауда қатынастарын нығайтуға бағытталған "Атамекен" ҰКП мен Confiindustria арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандум.

Аталған келіссөздердің барлығы Италия Қазақстанның тау-кен өндірісі мен металлургия саласындағы басты серіктестерінің бірі екенін көрсетеді.

Сарапшы сөзінің түйінін қорыта келе, Италия бүгінде Ресейден келетін шикізат импортының орнын Қазақстандық шикізатпен толтыруына толық мүдделі. Жалпы Еуропа Одағы мен Орта Азия арасындағы дипломатиялық, сауда-экономикалық байланыстардың негізгі ойыншысы Қазақстан болары даусыз.

Аяжан Бекболатқызы

Өзгелердің жаңалығы