Соңғы 5 жылда IT-қызметтер экспорты 15 есеге артты, ал IT-нарықтың кірісі жылына 2 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Министрдің пікірінше, IT-сала елдегі орташа жалақыдан екі есе жоғары еңбекақысы бар жұмыс орындарын ашып жатыр.
Astana Hub экожүйемізді отандық жəне шетелдік IT-компаниялар үшін тартымды етіп, сала дамуының негізгі катализаторына айналды. Алайда біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Higgsfield тәжірибесі қазақстандық «юникорн» стартаптардың уақыты келгенін көрсетті. Бұл бағытқа одан әрі күшті серпін беру қажет, – деді Мәдиев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Ол елімізге зерттеушілер, инженерлер және технологиялық кәсіпкерлер керек екенін, осы мақсатта әлемнің түкпір-түкпірінен таланттарды тарту бағдарламасын іске қосатынын айтты.
Мысалы, Telegram компаниясымен бірлесіп, Қазақстанға ең мықты спорттық бағдарламашыларды тартатын боламыз. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Astana Hub инфрақұрылымы елдің барлық өңірлерін қамтыды, – деді Жаслан Мәдиев.
Оның айтуынша, бұл жоба алдағы уақытта да инфрақұрылымды кеңейту және мазмұндық тұрғыдан толықтыру бағытында жалғасады.
Сондай-ақ бүкіл Қазақстан бойынша таланттарды анықтау және стартаптарды арттыру жұмысы күшейтіледі. Бұл үдерісте Alem.ai орталығы айрықша рөл атқарады.
Сонымен бірге, Ұлттық банк қаражаты есебінен толығатын Жасанды интеллект қоры құрылды. Қазіргі уақытта осы қорды қаржыландыру тетігі пысықталып жатыр. ЖИ қоры маңызды цифрлық жобалар мен білім беру бастамаларын қолдайтын болады.