Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ит-роботтар көшеге шықты: Полиция жаңа бақылау жүйесін таныстырды

Бөлісу:
 polisia.kz
Фото: polisia.kz

Қазақстанның құқық қорғау жүйесін реформалауда цифрлық технологиялар негізгі құралға айналып келеді. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Саденов polisia.kz сайтына берген сұхбатында айтты. Ол Мемлекет басшысының Жолдауында қойылған міндеттерді түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Министрдің айтуынша, бүгінгі полицияның дамуы жасанды интеллектіні, автоматтандырылған бақылау жүйелерін және азаматтарға арналған цифрлық сервистерді енгізумен тікелей байланысты.

Роботтар мен «ақылды» камералар

Полицияда қазіргі заманғы технологиялар белсенді қолданылып келеді. Мәселен: 

  • көшелерде патруль жасайтын және құқық бұзушылықтарды тіркей алатын ит-роботтар;
  • қала сырты жолдарындағы жағдайды бақылайтын дрондар;
  • бет-әлпетті, көлік бағыттарын және күдікті нысандарды танитын «Цифрлық күмбез» жүйесі;
  • «ақылды» жаяу жүргіншілер өткелдерін қамтитын автоматтандырылған жол ережесін бұзу камералары;
  • бейнежетондар және онлайн құжат айналымы.

Министрдің айтуынша, бұл шешімдер құқық бұзушылықтарға «осы жерде және дәл қазір» әрекет етуге мүмкіндік береді.

Жыл сайын көлік апатынан 2 мыңнан астам адам қаза табады

Саденов жол қауіпсіздігі мәселесінің өзекті болып отырғанын мойындады.

ІІМ-нің ресми мәліметтері бойынша 2025 жылы 30 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан жыл сайын жолдарда 2 мыңнан астам адам көз жұмады. Осы тұста 6 жылда ел автопаркі шамамен 50%-ға өскен.

Ең көп өліммен аяқталған апаттар Түркістан, Жамбыл, Ақтөбе және Алматы облыстарында тіркелген. Бұл өңірлерде патрульдер мен дрон-бақылау күшейтілді.

Қарағанды облысында орнатылған «ақылды» жаяу жүргіншілер өткелдері жақсы нәтиже көрсеткен: ол учаскелерде ЖКО тіркелмеген.

Самокаттар мен автомектептер ерекше бақылауда

Президент электрсамокаттарға бақылауды күшейтуді тапсырды. ІІМ мегаполистерде тексерістерді арттырды, заңнамаға өзгерістер парламент қарауында жатыр.

Сондай-ақ жүргізушілерді өз бетінше дайындау алынып тасталды. Атап айтқанда автомектептер есепке алынады, ал оқыту сапасына бақылау күшейтіледі.

Киберқылмыс және deepfake-пен күрес

Желіде жасалатын қылмыстардың өсуіне байланысты ІІМ құрылымында Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті құрылды.

Соңғы жыл ішінде 85 млн-ға жуық алаяқтық қоңырау бұғатталып, 2,5 млрд теңгеден астам сомаға аударымдардың алды алынды. 

Сондай-ақ deepfake технологиясын пайдаланған 5 call-орталық жойылды.

«Заң және тәртіп» – тек жазалау емес

Саденов қауіпсіздіктің негізі – жазадан қорқу емес, азаматтардың жеке жауапкершілігі екенін атап өтті.

ІІМ мәліметінше, кісі өлтіру, тонау, зорлау және ұрлық азайып келеді. Жалпы қылмыс саны жыл ішінде 8,5 мыңға жуық төмендеген.

Министрлік заңға бағыну мәдениетін күшейтуді мақсат етеді: фильмдер, мультфильмдер, білім беру жобалары, полицияның қоғамдық көмекшілерін тарту арқылы.

Сонымен қатар ІІМ «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңға түзетулер әзірлеп жатыр – олар қоғамдық тәртіпке үлес қосқан азаматтарды көтермелеуді көздейді.

Өзгелердің жаңалығы